ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА МАҢЫЗДЫ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол жүктемесін азайту бағытындағы ауқымды жобалар белсенді түрде жүзеге асуда. Осы орайда қала әкімі шаһар аумағындағы бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Тексеру барысында әкім жол сапасы, жұмыс кестесінің сақталуы және қауіпсіздік шараларының орындалуын ерекше назарға алды. Алдымен Тұран шағынауданындағы Ақсүмбе көшесін Мұстафа Шоқай көшесінен Қожаберген жырау көшесіне дейін ұзарту жобасы қаралды. Құрылыстың қарқыны жоғары, қазіргі таңда инженерлік желілерді ауыстыру және жолдың негізін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталған кезде Бәйдібек би даңғылындағы көлік ағымы айтарлықтай жеңілдеп, Тұран, Қайтпас және жаңа тұрғын аудандар арасындағы көлік байланысы жақсарады. Бұл өз кезегінде қала орталығына қатынайтын уақытты қысқартады және тұрғындардың күнделікті қозғалысын әлдеқайда ыңғайлы етеді. Сарапшылардың айтуынша, аталған көше қала дамуының жаңа құрылымына сәйкес келетін заманауи жол жүйесін қалыптастыруға таптырмас мүмкіндік береді. Урбанистикалық өсімге сай, бұл бағыт көлік қозғалысын қайта ұйымдастыру арқылы шағын аудандардың өзара байланысын күшейтеді. Бұдан соң әкім А-2 айналма жолын реконструкциялаудың V кезеңінде атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Аталған жол қаланың логистикалық әлеуетіндегі аса маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Ол тек Шымкент пен өзге өңірлер арасындағы қатынасты ғана емес, халықаралық деңгейдегі жүк тасымалының негізгі бөлігі өтетін стратегиялық магистральды қамтиды. Реконструкция нәтижесінде айналма жолдың өткізу қабілеті бірнеше есе артады, жол қауіпсіздігі күшейеді, ал ауыр жүк көліктерінің қала ішіне кіру қажеттілігі азаяды. Бұл өз кезегінде шаһар орталығындағы кептелістерді азайтып, экологиялық жүктемені төмендетеді. Мердігер компаниялар жолдың негізін нығайту, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және көпір өткелдерінің құрылысын жүргізуде. Жоба аяқталған соң айналма жол халықаралық талаптарға сай, жоғары санатты трасса ретінде ел экономикасына тиімді қызмет атқарады. Аралау барысында әкім жауапты басқармалар мен құрылыс компанияларына нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, барлық жұмыстар белгіленген мерзімде орындалуы тиіс, сапаға жіті бақылау орнатылып, құрылыс жүріп жатқан аумақтарда қозғалыс қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі қажет. Қала басшысы инфрақұрылымдық жобалардың әлеуметтік және экономикалық маңызы зор екенін атап өтіп, атқарылып жатқан әр жұмыс тұрғындардың күнделікті өміріне оң әсер етуі тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, жол құрылысының тиімді жүргізілуі – қаланың бәсекеге қабілеттілігі мен өмір сүру сапасын арттырудағы негізгі факторлардың бірі.