ШЫМКЕНТ: ҚАЛА КӨРКІН АШАТЫН ЖАҢА МУЗЫКАЛЫҚ СУБҰРҚАҚТАР ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӨРЛЕУДІҢ КӨРСЕТКІШІ БОЛЫП ОТЫР

Шымкент қаласы соңғы жылдары инфрақұрылымдық және эстетикалық тұрғыдан қарқынды дамып, мегаполис ретінде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Соның айқын дәлелі – қала аумағына орнатылып, бүгінде толық пайдалануға берілген заманауи субұрқақтар мен абаттандыру жобалары. Бұл нысандар тұрғындардың жайлы өмір сүруіне ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығына да тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі таңда Көл (Озеро) аумағында заманауи үлгіге сай музыкалық субұрқақ салынып, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. 100-ден астам су атқыш құрылғылары әртүрлі биіктікте су шашып, әуен ырғағымен үндескен су биін көрсететін болады. LED-жарық шамдары арқылы түнгі уақытта түрлі-түсті жарық шоулары ұйымдастырылады. Бұл нысан – қаланың эстетикалық келбетін айтарлықтай жақсартып, демалыс аймағын жаңа деңгейге көтеретін туристік орындардың бірі болмақ. Көлдің астын тазарту жұмыстары барысында су уақытша Қошқар ата өзеніне ағызылған. Балықтар мен жәндіктер әлемі бұлақ көзі бар арнайы арықта сақталып отыр. Мамандар экологиялық тепе-теңдікті сақтау жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Сондықтан тұрғындардың балықтардың тіршілігіне алаңдауына еш негіз жоқ. Бүгінде Шымкент қаласының аумағында 65 нысанда 86 субұрқақ бар. Оның ішінде 25 нысандағы 40 субұрқақ — Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде. Қалған 46 субұрқақ өзге мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің балансында. Барлық субұрқақтар күнделікті кесте бойынша жұмыс істейді. 2024 жылы қалада 15 жаңа субұрқақтың құрылысы аяқталып, толық пайдалануға берілді, Абай ауданында – 3, Әл-Фараби ауданында – 4, Еңбекші ауданында – 2, Қаратау ауданында – 4,                                          Тұран ауданында – 2. Бұл нысандар қазірдің өзінде тұрғындардың сүйікті демалыс аймақтарына айнала бастады. Жаңа субұрқақтар мен абаттандырылған аумақтар – тек сәндік элемент қана емес. Бұл — қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырады, туристік әлеуетін күшейтеді, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді, жылжымайтын мүлік нарығына оң әсер етеді, қала экономикасына қосымша табыс әкеледі. Тартулық артқан сайын, инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Заманауи инфрақұрылым – экономикасы тұрақты, келешегі айқын қаланың маңызды көрсеткіші. Пайдалануға берілген субұрқақтар мен абаттандыру жобалары Шымкенттің көркін ашып қана қоймай, қаланың заманауи мегаполис ретінде дамып келе жатқанын дәлелдейді. Музыкалық субұрқақтар, жарық шоулары, абаттандырылған демалыс аймақтары – тұрғындар үшін жайлы ортаны қалыптастырып, қалаға инвестициялық серпін беретін маңызды факторлар. Шымкент бүгінде – инфрақұрылымы жаңарған, туристерді тартатын, инвесторлар үшін қызықты, қарқынды дамып жатқан мегаполис.