ШЫМКЕНТ ЖОЛДАРЫ МОДЕРНИЗАЦИЯЛАНУДА

Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қала әкімдігінің басым бағыттарының бірі. Бұл міндеттер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалаларды кешенді дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларымен тікелей үндеседі. Президент атап өткендей, тұрғындар ең алдымен күнделікті өмірде жолдардың сапасын, қоғамдық кеңістіктердің ыңғайлылығын және көлік қатынасының қолжетімділігін сезінуі тиіс. Осыған сәйкес, Шымкент қаласында жол-көлік кешенін модернизациялау жүйелі түрде жүргізілуде. Қала әкімі бірқатар стратегиялық нысандарды аралап, құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының барысын тексерді. Алдымен Қаратау ауданындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынатын жаңа жолайрық жобасымен танысып, нысанның қала үшін маңыздылығын атап өтті. Бұл жолайрық көлік жүктемесін айтарлықтай азайтып, жолдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қиылыстардағы кептелістер азайып, көліктердің жүру уақыты қысқарады, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіздік деңгейі жоғарылайды. Сонымен қатар, қаланың ішкі көлік байланысын жақсарту мақсатында Шұбаркөл көшесінің Өтегенов көшесінен Қазиев көшесіне дейінгі бөлігі және Қазиев көшесінің Шұбаркөл көшесінен Арғынбеков көшесіне дейінгі учаскесі қозғалысқа ашылды. Бұл жаңа бағыттар параллель көшелердегі көлік қозғалысын тиімді бөлініп, жүктемені азайтуға жағдай жасайды. Жолдардың өзара интеграциясы күшейіп, шағынаудандар арасындағы қатынас жеңілдейді. Қаланы дамыту жоспары аясындағы маңызды жобалардың бірі – Алтынсарин көшесінің реконструкциясы. Көшені екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Бұл өзгеріс Бәйдібек би даңғылындағы көлік ағынының қысқаруына, тұрғындардың уақыт үнемдеп, қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалуына мүмкіндік береді. Қала аумағында көлік инфрақұрылымын жаңарту – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған өзекті шара екені сөзсіз. Жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес іске асырылып, сапалық талаптар қатаң бақылауда ұсталады. Жол салу – тек инфрақұрылымды жақсарту емес, қаланың экономикалық дамуына тікелей әсер ететін, инвесторлар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыратын маңызды бағыт. Шымкенттің аумақтық даму жоспары тұрғындардың қажеттіліктеріне сай келетін заманауи қала қалыптастыруды көздейді. Жолдар кеңейіп, жаңа бағыттар ашылған сайын қала логистикасы жақсарып, тұрғындардың күнделікті өмірі жеңілдейді. Мұның бәрі – халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.