ШЫМКЕНТ: АУМАҚТЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ СЕРПІН

Шымкент — Қазақстанның республикалық маңызы бар ірі қалаларының бірі әрі тынымсыз еңбек ететін халықтың мекені. Президенттің Жарлығына сәйкес қалаға республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері мегаполисте тұрғын үй, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары қаланың аумағында 4,5 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй салынып, тұрғындардың қоныс аудару және өмір сүру жағдайлары айтарлықтай жақсарды. Ағымдағы жылы 1 370 мың шаршы метр тұрғын үйді салу жоспарда тұр, бұл қаладағы тұрғын үй қорын одан әрі арттырып, халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Шымкенттің аумақтық дамуы тек тұрғын үй құрылыстарымен шектелмейді. Қалалық жолдар желісін жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр: 2025 жылға қарай қала көшелерінің 90%-ы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда болады деп жоспарланған. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын жетілдіру арқылы орталық аудандардағы жүктемені азайту, қалалық қатынасты тиімді ұйымдастыру мақсатында теміржол өткелдері мен көпірлер жөнделуде. Момынова және Тленшинде теміржол өткелдері жаңартылып, Қойкелді–Ақназар бағытында көпір қалпына келтірілуде. Сонымен бірге, Қонаев даңғылы мен А-2 айналма жолы жаңартылып, Қазиев көшесінің жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар қала ішіндегі көлік қозғалысын жеңілдетіп, мегаполистің логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Әлеуметтік инфрақұрылым саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Соңғы жылдары көптеген білім, мәдени және спорт нысандары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің ғимараты мен өрт сөндіру деполары, Қызғалдақ сарайы, мәдениет үйлері, спорт кешендері, мемлекеттік органдар ғимараттары және инженерлік инфрақұрылым жүйелері іске қосылды. 2024 жылы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 11 мектеп салынған және пайдалануға тапсырылды. Сонымен қатар, балаларға арналған екі «Оқушылар сарайы» салынып, ел игілігіне берілді. Қалада тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер де ашылуда. Шымкент сити шағын ауданында саябақ пайдалануға беріліп, қаланың көркемдік бейнесін арттыруға, жастар мен отбасы мүшелеріне демалыс орнын ұсынуға бағытталған. Биылғы жылы 17 білім нысанының құрылысы жалғасып, әлеуметтік құрылыс жобалары жүзеге асырылуда. Шымкент қаласының аумақтық дамуы мен инфрақұрылымдық жаңғыруы — тек құрылыс емес, стратегиялық бағыттағы кешенді даму процесі. Жол инфрақұрылымын жаңарту, көпірлер мен өткелдерді жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, жаңа білім және әлеуметтік нысандарды салу — мегаполисті заманауи талаптарға сай, тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыруға бағытталған нақты қадамдар. Қаланың әрбір аумағының жаңаруы — тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қоғамдық көліктің тиімділігін күшейтуге және Шымкенттің Қазақстандағы ірі мегаполис ретінде орнының нығаюына қызмет ететін маңызды фактор болып отыр. Аумақтық дамудың осындай кешенді бағдарламалары мегаполисті тұрғындарға жайлы, заманауи және дамыған қалаға айналдырудағы басты драйвер болып табылады.