ШАМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫ АЛЖИРДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ГРАН-ПРИ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Алжирдің Адрар қаласында 1–7 желтоқсан аралығында өткен Халықаралық мәдени шөл театры фестиваліне Шымкент жастар театры алғаш рет қатысып, Гран-при жеңіп алды. Бұл халықаралық фестиваль Алжирдің Мәдениет және өнер министрлігі мен Африка Сахара шөлінің ортасындағы Адрар аймағы әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, оған әлемнің 30 елінен келген театр ұжымдары өз туындыларын көрермендерге ұсынды. Шетелдік және жергілікті көрермендер, сондай-ақ беделді халықаралық жюри шығармашылық қойылымдарды жан-жақты бағалады. Қазақ театр труппасы сахнаға классикалық «Антигона» трагедиясының заманауи интерпретациясын алып шықты. Шөлдің түнгі аспаны астында, Тамасахттың IV ғасырдағы ежелгі бербер цитаделі фонында қойылған қойылым ерекше әсер сыйлады. Көрермендер жас актерлардың шеберлігіне, кәсіби дайындығына, сценалық қарым-қатынасына және шығармашылық жігеріне тәнті болды. Шымкент жастар театрының өнері мәдениеттер арасындағы көпірге айналды, қазақ мәдениетін халықаралық сахнада лайықты деңгейде танытты. Фестиваль комиссары Шейх Окбауи Қазақстандық театр ұжымына жанды қойылымдары үшін алғыс білдіріп, мәдени саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға үміт білдірді. Салтанатты рәсімде «Гран-при» бас жүлдесін Шымкент жастар театрына Алжирдің Мәдениет және өнер министрі Малика Мендоуда ханым табыс етті. Министр қазақ актерлерінің халықаралық сахнада жоғары деңгейде өнер көрсеткенін атап өтіп, Қазақстанмен мәдени ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты. Театр делегациясының фестивальге қатысуы Шымкент қаласы әкімдігінің, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен және ҚР Алжирдегі Елшілігінің ұйымдастыруы мен көмегі арқасында жүзеге асты. Бұл – еліміздің жас таланттарын халықаралық деңгейде таныстыруға арналған маңызды қадам болып отыр. Шымкент жастар театрының жеңісі – Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайтудағы жарқын мысал. Мұндай халықаралық өнер байланыстары еліміздің имиджін көтеріп қана қоймай, Алжир мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге, гуманитарлық және мәдени алмасуларды дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл тәжірибе екі елде бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға жол ашады, жастар мен өнер майталмандары арасындағы тәжірибе алмасуға жағдай жасайды.