ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ТАБАНДЫЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК – МАМАНДЫҚТЫҢ САҒАТТЫ КІЛТІ

Қызметтік жауапкершілік, табандылық және кәсіби шеберлік – әр маманның ең басты құндылығы. Жылу шаруашылығы саласында өз ісінің шебері ретінде танылған Зұлпықар Рахимбаев Хұдаярарұлы осы қағидаларды өмірде жүзеге асырып жүрген мамандардың бірі. 2025 жыл – мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл жыл кәсіби мамандық иелерін қолдау, олардың еңбегін насихаттау және техникалық саладағы мамандардың мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған маңызды кезең болып отыр. Сол тұрғыдан алғанда, Зұлпықар Хұдаярарұлы сияқты еңбекқор мамандар – ел дамуына нақты үлес қосып жүрген нағыз үлгі тұлғалар. Зұлпықар Хұдаярарұлы 2016 жылы «Фемида» қаржылық-құқықтық колледжін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіби білімін нақты тәжірибемен ұштастырды. Алғашқы еңбек жолын 2014–2015 жылдары «Жилкомхоз» ЖШС-де слесарь ретінде бастап, техникалық саладағы қабілетін шыңдады. 2015 жылдан бері ол «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының №5 аудандық бөлімшесінде 5-дәрежелі слесарь лауазымында абыройлы қызмет етуде. Жауапкершілігі жоғары, ұқыпты, техникалық талаптарды терең меңгерген маман ретінде ол ұжым ішінде сенімге ие. Бүгінгі таңда Зұлпықар Хұдаярарұлының табандылығы, кәсіби тиянақтылығы және адал еңбегі – жас мамандар үшін үлгі. Оның еңбегі жылу жүйелерінің қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етумен қатар, саладағы кәсіби деңгейді көтеруге де үлкен үлес қосып келеді. Сонымен қатар, еңбегі еселеніп, кәсіби жолы әрі қарай да табысты бола берсін! «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында оның кәсіби үлгісі басқаларға насихатталатын, қадірлі еңбек үлгісі ретінде есте қалатын болады.