ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ЖЫЛЫ: ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БЕДЕЛ – ТАБАНДЫЛЫҚТЫҢ НӘТИЖЕСІ

2025 жыл – Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл жыл кәсіби мамандық иелерін қолдауға, олардың еңбегін дәріптеуге және техникалық саланың мамандарының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды кезең болып отыр. Сол аясында өмірін кәсіби қызметке арнап, табандылық пен адалдықты басты ұстаным еткен мамандар ерекше назарға ілікті. Солардың бірі – өз ісінің шебері, білікті маман Қожамқұлов Шерхан Курманғазыұлы. Шерхан Курманғазыұлы 1989 жылы 26 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Қошқар ата ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Бала кезінен тәрбие мен еңбекқорлыққа бауланған ол білімге деген құштарлығы арқасында мектепті үздік аяқтап, 1995–2006 жылдары Шымкент қаласындағы Мұқами атындағы №13 орта мектепте білім алды. Кейін Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша жоғары білім алып, кәсіби дамуына алғашқы қадам жасады. Еңбек жолын Шерхан Қожамқұлов 2012–2013 жылдары «Служба сервиса ВКХ» ЖШС-де слесарь қызметінен бастап, кәсіби тәжірибесін қалыптастырды. 2014–2016 жылдары «Су арнасы» ЖШС-де геодезист-монометр болып қызмет атқарып, саланың техникалық қырларын меңгерді. 2017–2019 жылдары «Торлан Құрылыс» ЖШС-де учаске шебері қызметін атқарды. Осы тәжірибе оған жетекшілік қасиеттерін шыңдап, қызметін ұйымдастыра білуді үйретті. 2020 жылдың наурыз айынан бастап Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-де шебер қызметіне қабылданып, өзінің еңбекқорлығы, жауапкершілігі мен кәсібилігі арқасында бүгінде учаске басшысы ретінде табысты қызмет атқарып келеді. Қарапайым слесарьдан бастап, учаске басшысына дейінгі кәсіби жол – оның тынымсыз еңбегі мен табандылығының, адал қызметінің нақты көрінісі. Шерхан Қожамқұлов – кәсібін терең меңгерген, зор жауапкершілік пен талапшылдықты ұштастыра білетін маман. Ол қай жерде қызмет етсе де міндеттің үздік орындалуын басты мақсат тұтады, кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті ұжымға үлгі болып, сала дамуына елеулі үлес қосады. Отбасында Шерхан Қожамқұлов 2021 жылы отбасын құрған. Жұбайы – Баратова Әсел Құттыбекқызы. Бұл отбасы оның өміріндегі ең үлкен қуанышы мен қолдауы, ал балаларға тәрбиелік үлгі беру – оның жауапкершілігінің маңызды бөлігі. Еңбектенген адамның беделі – еңбегімен келеді. Шерхан Қожамқұловтың табандылығы мен адалдығы, кәсіби шеберлігі мен қызметке деген адалдығы – «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында дәріптелетін нақты үлгі. Оның еңбегі ел игілігіне бағытталған ісімен еселеніп, абыройы асқақтай берсін!