Мемлекет басшысы 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл шешім еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда қарапайым жұмысшылар мен жас мамандардың рөлін айқындап, олардың еңбегін дәріптеуге бағытталған. Жастардың өндірістік салаға белсенді араласуы – Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайтады. Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту ісі белсенді жүзеге асырылып келеді. «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары аясында мектептер мен колледждерді жаңа бітірген түлектер алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, өз кәсіби біліктіліктерін шыңдауда. Осы бағдарламалардың арқасында жас мамандар өндіріс орындарына, медициналық мекемелерге, қызмет көрсету саласына жолданады. Мемлекеттік бастамалардың арқасында жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артып, жастар арасында осы салаға деген қызығушылық өсуде. Мысалы, 2025 жылы Шымкент жоғары медицина колледжін «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған Нұрайым Оңғар – «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтаған жас мамандардың бірі. Ол қыркүйек айынан бастап «Рахат Стом» тіс емханасында жұмыс істеп, қысқа мерзімде тәжірибелі тіс дәрігерлерінің сенімді көмекшісіне айналды. – «Оқу барысында алған білімімді пациенттердің ауыз қуысын емдеу ісінде қолданамын. Тіс дәрігерлеріне қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, емдеу мен екпе жасау тәжірибесін жинақтап келемін», – дейді жас маман. 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында жас мамандарды жұмыспен қамту көрсеткіштері мынадай, «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы – 1 485 жас, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша – 304 жас, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында – 10 жас жұмысқа орналасты. Жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығы мен ынтасы – еліміздің өндіріс әлеуетін арттыруға, еңбек нарығын тұрақтандыруға және әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға бағытталған маңызды фактор. Мемлекеттік қолдау арқылы жас мамандар алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, кәсіби дағдыларын шыңдай отырып, елдің экономикалық дамуына үлес қосуда. Шымкенттегі жастарды жұмыспен қамту бағдарламалары – Қазақстанның еңбек ресурсын тиімді пайдалану, жас мамандарға кәсіби дамуға мүмкіндік беру және елдің болашағын қалыптастырудағы нақты қадам болып табылады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
