ЖАРАТЫЛЫСТАНУ-МАТЕМАТИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ӘДІСТЕМЕЛІК ТӘСІЛДЕР ҚАРАЛДЫ

Шымкент қаласында «Жаратылыстану пәндерін оқытудағы зерттеу әдістері: тәжірибе мен нәтиже» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының ғалымдары, мектеп директорлары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары, жалпы орта білім беру мекемелерінің мұғалімдері қатысты. Сонымен қатар, Астана, Шымкент қалаларынан және Солтүстік Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарынан онлайн және офлайн форматта қосылған қатысушылардың жалпы саны 300 адамды құрады. Әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен №144 жалпы орта білім беретін мектеп базасында өткен жиынның басты мақсаты – жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беру сапасын арттыру, пән мұғалімдерінің бірізділігін қамтамасыз ету және оқушылардың ғылыми сауаттылығын дамыту. Сонымен қатар, конференция жаңа әдістер мен үздік педагогикалық тәжірибелерді насихаттап, саланың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Қатысушылар жаратылыстану пәндерін оқытудың заманауи тәсілдері, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім беру сапасын жақсартуға арналған әдістемелік ұсыныстар туралы өз ойларымен бөлісті. Іс-шара барысында зерттеу әдістерін қолдану тәжірибесі кеңінен қаралып, мұғалімдердің шығармашылық ізденісі мен креативті идеяларын жүзеге асыру жолдары көрсетілді. Осылайша, конференция оқыту процесіне жаңашылдық енгізіп, практикалық жұмыстардың тиімділігін көрсетуге бағытталды. Конференция қорытындысында білім беру процесіне енгізуге арналған ұсыныстар мен резолюция қабылданып, үздік баяндамалар мен тәжірибелік жұмыстардан құралған ғылыми-әдістемелік материалдар жинақталды. Бұл материалдар Шымкент қаласындағы білім беру жүйесін дамытудың нақты құралы болып, мұғалімдердің кәсіби дамуына жаңа серпін береді. Осы конференцияның маңызы – “Білімді ұлт” және “Көзі ашық ұлт” бағыттарына тікелей сәйкес келеді. Жаратылыстану-математикалық пәндерде зерттеу әдістерін қолдану оқушылардың логикалық ойлауын, ғылыми танымын, креативті қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – жас ұрпақты білімді, сындарлы және шығармашыл азаматтар ретінде тәрбиелеудің негізгі алғышарты, сонымен қатар Шымкент қаласының білім саласындағы жаңашылдық пен сапаны арттыру стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Конференция педагогтерге тәжірибе алмасудың тиімді алаңын ұсынып қана қоймай, қаланың білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, оқыту әдістемесін заманауи талаптарға сай бейімдеу және оқушылардың ғылыми біліктілігін арттыруға бағытталған нақты қадам ретінде есте қалды.