ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫҢ ДАМУЫ – ШЫМКЕНТТІҢ АДАМ КАПИТАЛЫ МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМІНІҢ НЕГІЗІ

Caucasian general doctor taking family cut. Concept of family health insurance.. Horizontal composition.

Бүгінде Шымкент қаласының даму бағыты тек өндіріс пен инвестиция көлемімен ғана емес, ең алдымен адам капиталының сапасымен өлшенеді. Осы тұрғыда денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуы – мегаполистің әлеуметтік тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз ететін стратегиялық факторлардың бірі. 2025 жылы Шымкент медицина саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, заманауи әрі қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру жолында нақты қадамдар жасады. 2025 жылдың қарашасына дейін қалада 16 626 медицина маманы тұрғындар мен қала қонақтарына қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 5 289 дәрігер мен 11 337 орта буын медицина қызметкері бар. Халық санының 1,9 пайызға өсіп, 1,27 миллионнан асуы денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттырғанымен, кадрлық әлеует бұл сұранысты қамтамасыз ете алатын деңгейде қалыптасты. Дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 41,6 болып, республикалық орташа деңгейден жоғары болса, орта буынды мамандар көрсеткіші 89,1-ге жетті. Бұл Шымкенттің медицина кадрларын тарту мен ұстап қалу бағытында дұрыс саясат жүргізіп отырғанын көрсетеді. Қалада медициналық қызмет көрсетудің кең ауқымды желісі қалыптасқан. Бүгінде 59 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы жұмыс істейді, олардың жартысынан көбі – жекеменшік сектор өкілдері. Бұл мемлекеттік және жеке медицинаның өзара тиімді бәсекелестігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыруға ықпал етуде. Тәуліктік стационарлық көмек көрсететін 47 медициналық мекеме 4 870 төсек-орынмен жабдықталған, ал күндізгі стационарлар саны 137-ге жетіп, 2 505 төсек қорын құрайды. 2025 жыл Шымкент медицинасы үшін маңызды жаңалықтарға толы болды. Жергілікті бюджет есебінен 54 дәрігер шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырса, 250 медицина қызметкері менторлық бағдарлама аясында мастер-класстардан өтті. Бұл шаралар медициналық қызмет сапасын халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған. Қалада балалар кардиохирургиясы, неонаталды хирургия, бір күндік клиника секілді жаңа бөлімшелердің ашылуы – жоғары технологиялы медицинаның дамуына жол ашты. Жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуы Шымкенттің өңірлік медициналық орталық ретіндегі рөлін күшейтті. Биыл 1 жүрек, 17 бүйрек трансплантациясы жасалып, жалпы саны 1 140 жоғары технологиялық операция жүргізілді. Шымкент қаласы онкологиялық орталығында алғаш рет «Кеңірдек бифуркациясын резекциялау» сияқты күрделі отаның сәтті жасалуы – отандық медицинаның әлеуетін айқын көрсетті. Сонымен қатар, Шымкент жүрек орталығы базасында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жанынан перспективалы кардиологиялық зерттеу орталығының ашылуы ғылым мен практиканың тоғысуына мүмкіндік берді. Материалдық-техникалық база да жүйелі түрде жаңартылуда. Қалалық денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталу деңгейі 79 пайыздан 90 пайызға дейін артты, жедел жәрдем қызметі заманауи автокөліктермен толықтырылды. Бұл жедел медициналық көмектің уақытылы әрі сапалы көрсетілуіне тікелей әсер етуде. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында да оң өзгерістер бар. Қаладағы 89 медициналық ұйым бірыңғай дистрибьютор – СҚ-Фармация арқылы дәрілік заттармен қамтамасыз етілуде. Амбулаториялық деңгейде 476 атау бойынша 15,9 млрд теңгеге, стационарлық деңгейде 1 010 атау бойынша 18,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында рецепттердің 92,5 пайызы қамтамасыз етіліп, орфандық ауруы бар науқастар қажетті препараттарды толық көлемде алды.