БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДА КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Шымкент қаласы білім беру саласын жетілдіру мен білім сапасын тұрақты арттыруға ерекше назар аударып отыр. Қала әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өткен баспасөз брифингінде білім саласындағы кешенді жобалар мен әлеуметтік қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпарат берді. Қалада қараша айының 1-нен бастап қысқы жылыту маусымы басталған, бұл кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілуде. Қала әкімінің орынбасары тұрғындарды өрттен және улы газдан барынша сақтануға шақырып, газ бен электр жүйелерін дұрыс пайдалану қажеттігін ескертті. Улы газдан уланудың алдын алу мақсатында газ-техникалық қызмет мекемелері алгоритмге сәйкес жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған пилоттық жоба аясында жедел жәрдем бригадалары бейнежетондармен қамтамасыз етілуде. Бұл құрылғылар қызметкерлердің киіміне бекітіліп, олардың қауіпсіздігі мен медициналық көмек көрсету сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Қалада 115 жедел жәрдем бригадасы қызмет етеді және барлық бригадаларды бейнежетондармен қамту жоспарланып отыр. Білім саласында сапаны арттырудың басты жобасы – «САПАЛЫ БІЛІМ» кешенді дамыту бағдарламасы. Жоба мектептердегі оқыту сапасын көтеру, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін цифрландыру арқылы білім сапасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бағдарлама Білім басқармасының құрылымдық бөлімшелері, әдістемелік орталықтар, біліктілікті арттыру орталықтары және Шымкент қаласындағы барлық орта білім беру ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын болады. Жобаның негізгі идеясы – педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру, мектептердегі оқыту мен тәрбие сапасын бақылау, тәжірибелі мұғалімдер мен директор орынбасарларының жетістіктерін тарату арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізу. Қазіргі таңда «САПАЛЫ БІЛІМ» жобасының тұжырымдамасы мен жұмыс жоспары дайын, ал іске асыру кезеңінде мектептер мен оқушыларға заманауи білім беру әдістері мен тиімді басқару жүйелері ұсынылады. Шымкент қаласында білім сапасын арттыру бағытындағы кешенді шаралар – елдің білімді ұлт құру саясатына сәйкес, оқушылар мен педагогтардың әлеуетін толық дамытуға, сапалы білім беру мен заманауи оқыту стандарттарын енгізуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.