Шымкент қаласында «Freedom Telecom» компаниясы кабель тартуды қажет етпейтін, жоғары жылдамдықтағы FWA (Fixed Wireless Access) интернет қызметін ресми түрде іске қосты. Бұл технологияның артықшылығы – бұрын техникалық тұрғыдан мүмкін болмаған немесе экономикалық жағынан тиімсіз деп есептелген аудандарда тұрғындар мен бизнес нысандарына жылдам әрі тұрақты интернет желісін жеткізуге мүмкіндік беруінде. Жаңа қызметтің іске қосылуына орай Орталық саябақтағы «Шахматшылар үйінде» арнайы брифинг ұйымдастырылды. Шараға «Freedom Telecom» компаниясының мамандары, Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының өкілдері және БАҚ қызметкерлері қатысты. Компания бас директоры Қайрат Ахметов жаңа технологияның мегаполис үшін маңызын атап өтті: «Шымкент – еліміздің ең жылдам дамып келе жатқан қалаларының бірі. Біз FWA қызметі арқылы үйлерге, мектептерге, бизнес нысандарына және әлеуметтік мекемелерге жоғары жылдамдықтағы интернет желісін жеткізуді қамтамасыз етеміз». Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов жаңа стандарттың цифрлық дамуға қосатын үлесін түсіндірді. Оның айтуынша, FWA қызметі жасанды интеллект, смарт-қала жобалары және заманауи цифрлық шешімдерді іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, соңғы жылдары мобильді байланыс әлсіз қабылданатын аудандар айтарлықтай қысқарған: бұрын 147 болған әлсіз сигналды аумақтар қазір 11-ге дейін төмендеген. Бұл бағытта арнайы жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілген. Биыл өңірде 23 елдімекенде интернет байланысын жақсарту жоспарланған, оның 15-інде тиісті жұмыстар аяқталып, тұрғындар жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылуға мүмкіндік алды. Қалған сегіз елдімекенде желіні жақсарту жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Осылайша, Шымкент қаласын 100 пайыз кең жолақты интернетпен қамту жоспары жүзеге асып келеді. Жаңа технологияның енгізілуі тек байланыс саласында ғана емес, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты мен білім алу, кәсіпкерлікті дамыту, цифрлық қызметтерге қолжетімділік деңгейін арттыру бағытында да маңызды рөл атқарады. Қаланың әр тұрғыны үшін жоғары жылдамдықтағы интернеттің болуы – қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетіп, ақпараттық ашықтықты арттырады, заманауи цифрлық шешімдер мен бизнес-жобаларды іске асыруға жағдай жасайды. Шымкенттегі FWA интернет желісінің іске қосылуы – цифрлы Қазақстан бағдарламасының айқын көрінісі болып, мегаполистің цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында маңызды қадам ретінде бағаланады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
