Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың денсаулығын нығайту және жастарды белсенді өмір салтына ынталандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл игі істер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала инфрақұрылымын дамыту және халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Президент тапсырмасында тұрғындар үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымын көбейту, аула алаңдарын жаңғырту және дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік беретін ортаны кеңейту мәселелері ерекше атап өтілген болатын. Осы бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісі ретінде Әл-Фараби ауданында бірқатар спорт алаңдары жаңартылып, тұрғындарға қайтадан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Жангелді көшесі №5, Ирек көшесі №14 және Сайрам шағынауданы №2 мекенжайларында орналасқан спорт алаңдарының ескі резеңке төсеніштері толық жаңасына ауыстырылып, алаңдардың жалпы жабыны мен инфрақұрылымы ретке келтірілді. Жөндеу жұмыстары барысында алаңдардағы еден төсеніштері қауіпсіз әрі заманауи материалдармен алмастырылды. Бұл балалар мен жасөспірімдердің жаттығу кезінде жарақат алу қаупін азайтады, сондай-ақ тұрғындар үшін жайлы және сенімді ортаны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар спорт алаңдарының қоршаулары, кіру бөліктері және жарықтандыру жүйелері де тексеруден өткізіліп, қажетті жерлері жөнделді. Әл-Фараби ауданы әкімдігі спорт және аула алаңдарын жаңарту жұмыстарын бұдан әрі де жалғастыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта ескірген алаңдар кезең-кезеңімен ретке келтіріліп, тұрғындарға қолжетімді әрі қауіпсіз спорт кеңістіктерінің саны артпақ. Бұл жұмыстар ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін береді. Бұқаралық спортты дамыту — қоғамның дене және рухани саулығын нығайтатын маңызды бағыт. Тұрғындардың өз ауласында спортпен еркін айналысуына мүмкіндік беру — Президент тапсырмаларын орындауға және қала халқының өмір сапасын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Шымкент қаласында спорт инфрақұрылымын жаңғырту одан әрі жалғасатын болады. Бұл — тек спорттық нысандарды ретке келтіру ғана емес, тұрғындардың денсаулығына, бос уақытын тиімді өткізуіне және жастарды спортқа тартуға жасалған нақты қадам.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
