Шымкентте Қошқар ата өзенін қалпына келтіру жұмыстары – қаланың аумақтық дамуы мен экологиялық қауіпсіздігін арттыру бағытындағы маңызды стратегиялық бастамалардың бірі. Бұл жоба мегаполистің тарихи-мәдени мұрасын сақтаумен қатар, тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз және денсаулыққа пайдалы орта қалыптастыруды көздейді. Қошқар ата — Шымкенттің табиғи-ландшафтық өзегі, қаланың тарихи жадын сақтаушы ерекше нысан. Сондықтан өзенді жаңғырту тек техникалық инфрақұрылымды реттеу емес, қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтау, халықтың өмір сапасын жақсарту және «Сау ұлт» қағидатын жүзеге асырудың маңызды бөлігі болып отыр. Жобаның негізгі кезеңдері аясында өзеннің жалпы ұзындығы 3,535 шақырым болатын бөлігі қалпына келтірілуде. Мұнда су арналарының құрылымы қайта жасалып, табиғи ағынды реттеу жұмыстары жүргізілуде. Өз ен табаны мен жаға сызығы қоқыстан тазартылады, ал жағалауды бекіту арқылы топырақ шайылуының алдын алу қарастырылған. Бұл шаралар өзеннің табиғи биоалуантүрлілігін сақтап, су сапасының жақсаруына әсер етеді. Абаттандыру жобасы тек экологиялық сипаттағы жұмыстармен шектелмейді. Қошқар ата бойында жаңа қоғамдық кеңістік қалыптастыру – жобаның басты бағыттарының бірі. Жаяу жүргіншілерге арналған заманауи жол салу тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге өзен маңын толыққанды демалыс аймағына айналдыру үшін 139 орындық орнату жоспарланған. Энергия үнемдейтін 360 шам орнату – жобаның маңызды элементтерінің бірі. Бұл шамдар түнгі уақытта өзен бойын жарықтандырып, қауіпсіздікті арттырады әрі қаланың эстетикалық келбетін жақсартады. Жасыл желек, таза орта және сапалы инфрақұрылым – қала тұрғындарының денсаулығына оң әсер етіп, белсенді өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасайды. Қошқар ата өзенін қалпына келтіру – Шымкенттің аумақтық даму жоспары мен «сау ұлт» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Бұл жоба арқылы қала экологиялық тұрақтылықты сақтап қана қоймай, тұрғындарға жайлы қала ортасын ұсынады. Табиғи аймақтарды қалпына келтіру, серуендеу және спорт жасауға арналған жаңа кеңістіктер қалыптастыру – халықтың денсаулығын нығайтуға, қала экожүйесін жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Қошқар ата өзені Шымкенттің болашақ дамуының тіректерінің бірі ретінде жаңаша сипат алып, тұрғындарға экологиялық сауатты, қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға қызмет ететін болады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
