ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢАРТУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласының қарқынды дамуы ең алдымен көлік инфрақұрылымының сапасына байланысты. Соңғы жылдары қала аумағында жол жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның ішінде Қаратау ауданындағы жаңарту қарқыны ерекше қарқын алды. Биыл аудан көлемінде ауқымды жобалар қолға алынып, бірқатар шағынауданның келбеті айтарлықтай өзгерді. Тұрғындардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету, көлік ағынын оңтайландыру, қауіпсіз әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыру – жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты. Жыл бойы атқарылған жұмыстар нәтижесінде бірнеше шағынауданда жаңа асфальт төселіп, тұрғындар көптен күткен сапалы жолға қол жеткізді. Атап айтқанда, Сайрам шағынауданында – 174 көше, Тұранда – 57 көше, Бозарықта – 31 көше, Таскенде – 12 көше, ал Қайтпас-1 мен Мирас шағынаудандарында – 10 көше толығымен жаңартылды. Бұл – соңғы жылдардағы Қаратау ауданы бойынша ең ауқымды жол жөндеу көрсеткіштерінің бірі. Жаңа асфальт жамылғысы төселген көшелер бүгінде мүлдем басқа келбетке ие. Бұрынғыдай шұңқырға толы жолдар, ойқы-шойқы учаскелер, автокөлік пен жаяу жүргіншілерге қолайсыз аймақтар артта қалды. Қазір тұрғындар жұмысына, мектебіне немесе күнделікті бағытына еш қиындықсыз, уақыт жоғалтпай жетеді. Көлік қозғалысының жеңілдеуі, кептелістердің азаюы – осы жұмыстардың тікелей нәтижесі. Сонымен бірге, қоғамдық көліктердің жүріс кестесі тұрақтанып, жолаушылар тасымалының сапасы артты. Жол жөндеу тек асфальт төсеумен ғана шектелмейді. Қаратау ауданындағы жобалар аясында жол жиегі реттеліп, тротуарлар жаңартылып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Көпшілік жүретін бағыттарда жарықтандыру да күшейтіліп, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырылды. Бұл – ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға қосылған үлкен үлес. Қала әкімдігі жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарын алдағы жылдары да қарқынды түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл тек жол сапасын жақсарту емес, ауданның жалпы дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам. Жаңартылған көшелер — Қаратау ауданының көркін келтіріп қана қоймай, экономикалық белсенділікті де жандандырады. Инфрақұрылымның сапасы артқан сайын жаңа нысандардың ашылуы, бизнес бағыттарының дамуы, тұрғындардың қозғалыс еркіндігі артады. Қорыта айтқанда, Қаратау ауданында жүзеге асқан жол жөндеу жұмыстары – қала тұрғындарының сұранысына сай, уақыт талабына жауап беретін нақты әрі маңызды бастама. Жаңарған көшелер – Шымкенттің жаңашылдыққа, дамуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға деген ұмтылысының айқын дәлелі.