Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері 57 жастағы науқастың бүйрегінен тостағаншаларын толық бітеген тасты сәтті алып тастады. Пациентке Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен миниперкутандық нефролитотрипсия отасы жасалды. – Миниперкутандық нефролитотрипсия – бүйректегі тастарды жоюдың заманауи, аз инвазивті әдісі. Ота барысында кішкене тілік жасалып, арнайы құрал арқылы тас ұсақталып, кейін бүйректен алынады. Мұндай заманауи технология ауруханамызда жыл басынан бері қолданысқа енгізілді. Пациенттерге ота МӘМС есебінен тегін жасалады, нарықтағы құны шамамен 1,5 миллион теңгені құрайды, – дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы урология бөлімінің меңгерушісі Арман Бейсенов. Аурухананың урология бөлімшесінде жыл басынан бері осындай 10 операция сәтті орындалған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл әдіс науқастар үшін ең тиімді әрі қауіпсіз әдістердің бірі болып саналады. Миниперкутандық нефролитотрипсия науқастың қалпына келуін жылдамдатады, ауруханада ұзақ жатуды қажет етпейді және операциядан кейінгі ауырсынуды азайтады. Дәрігерлер науқастың жағдайын үнемі бақылауда ұстап, қалпына келу процесін жеңілдетуге барынша көңіл бөледі. Осы заманауи технологияның енгізілуі Шымкент қаласында несеп-тас ауруларымен ауыратын науқастарға қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ота – «Дені сау ұлт» қалыптастыру бағытының нақты көрінісі. Шымкентте заманауи медициналық технологияларды енгізу және қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы қаланың тұрғындарының денсаулығы нығайып, өмір сапасы жақсарады. Сонымен қатар, аурухананың инновациялық тәжірибесі мемлекеттік медициналық қызметтің тиімділігін арттыруға үлес қосып, қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Шымкент қаласы денсаулық сақтау саласындағы осындай жетістіктер арқылы дені сау, белсенді және өмірге құштар ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған нақты қадамдар жасап отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
