Шымкент қаласы білім және жастар саясаты саласында маңызды қадамға қол жеткізді. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ауласында елдегі алғашқы «ЮНИСЕФ Жастары» жастар хабы ресми түрде ашылды. Бұл жоба Дүниежүзілік балалар күніне орай ұйымдастырылып, өңірдегі жастар инфрақұрылымын дамыту мен білімді ұлт қалыптастыруға қосымша серпін береді. Салтанатты ашылу рәсіміне жиналған жастар мен еріктілердің белсенділігі, университет кіреберісіндегі тіркеу үстеліндегі дайындық, алаңдағы шулы қуаныш жаңа орталықтың жастарға арналған мүмкіндіктерін айқын көрсеткендей болды. Ашылу алдында алаңды бір минуттық үнсіздік басты – Жетісай ауданында қайтыс болған 9 балаға арнап жасалған тағзым қатысушылардың адамгершілік сезімін бейнеледі және хабтың негізгі миссиясы – балалар мен жастардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау екенін еске салды. Салтанатты шара барысында ОҚПУ ректорының міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев хабтың жастар мен университет үшін маңызын атап өтті. Ол жаңа орталықтың жастарды қоғамдық өмірге тарту, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға үлес қосатынын жеткізді. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар жастар хабының өңірлік жастарға сенім білдіруін ерекше атап, халықаралық ұйымның Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер мүддесін қорғау бағытындағы бастамаларын қолдағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жастар құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі Аружан Әлжан жастардың белсенділігін арттырудағы хабтың рөліне тоқталып, оның қоғам мен білім беру саласындағы маңызын түсіндірді. Бұл жоба Шымкент қаласының «Аумақтарды дамыту жоспары» аясындағы білім, мәдениет және жастар инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Жастар хабы өңірдің білімді ұлт қалыптастыру және жастардың әлеуетін толық пайдалану бағытындағы мақсаттарын нақты іске асыруға мүмкіндік береді. Хаб жастарға жаңа білім алу, әлеуметтік жобаларға қатысу, қоғамдық бастамаларды іске асыру және өз идеяларын жүзеге асыру үшін заманауи жағдай жасайды. Шымкент қаласының даму стратегиясында білімді, әлеуметтік белсенді және мәдени дамыған ұрпақ тәрбиелеу басты басымдықтардың бірі болып саналады. «ЮНИСЕФ Жастары» жастар хабы осындай бағыттағы нақты қадам ретінде қызмет етіп, қаланың әлеуметтік, мәдени және білімдік инфрақұрылымын нығайтуға қосымша мүмкіндік беретін орталыққа айналмақ. Бұл жаңа орталық – Шымкенттің жастар саясатын дамытудың, білімді ұрпақты қалыптастыру мен олардың әлеуетін толық ашудың маңызды миссиясын жүзеге асыратын тағы бір жетістігі.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
