Шымкент қаласында цифрлық трансформация бағытындағы маңызды қадам жасалды. Қала әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Ақылды қала» (Smart City) тұжырымдамасын дамытуға арналған меморандумға қол қойылды. Құжатқа қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен компанияның басқарма төрағасы Бағдат Мусин қол қойып, «Smart Shymkent» жол картасы аясында заманауи шешімдерді пилоттық режимде енгізу жұмыстары басталды. Жаңа меморандум тек цифрландыруды емес, қала экономикасының инвестициялық тартымдылығын арттыруды көздейді. Smart Shymkent жобасы арқылы, қала инфрақұрылымын басқару автоматтандырылып, ресурстар тиімді жұмсалады, қауіпсіз, заманауи және ыңғайлы орта қалыптасады, инвесторлар үшін болжамды, тұрақты және ашық экожүйе құрылып, бизнес жүргізу жеңілдейді. Интернет технологиялары, Big Data, IoT платформалары және интеллектуалды бақылау жүйелері – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететін негізгі құралдар. Меморандум аясында ерекше назар аударатын бағыттардың бірі – дрондардың бірыңғай инфрақұрылымын енгізу. Бұл жүйе, жол жөндеу сапасына, қоқыс шығару және санитарлық тазалыққа, жол белгісі мен инфрақұрылым объектілерінің жай-күйіне, заңсыз құрылыс пен рұқсатсыз жер игеру фактілеріне жедел әрі дәл мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. «Қазақтелеком» бұл жобаны Ақмола облысында сәтті іске асырған. Енді дәл осындай технологиялар Шымкентте кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл – қала бюджетін тиімді жұмсауға, адами факторды азайтуға және қоғамдық бақылауды арттыруға бағытталған маңызды қадам. Smart Shymkent шешімдері тек цифрландыру ғана емес, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Жоба аясында, экологиялық жағдайды онлайн бақылау, қауіпсіздік жүйелерін автоматтандыру, төтенше жағдайларға жедел жауап беру тетіктерін жетілдіру, коммуналдық инфрақұрылымды орталықтандырылған басқару жоспарланған. Бұл қаладағы тіршілікті басқаруда жаңа деңгей қалыптастырып, мегаполистің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді. Аталған Smart Shymkent жобасының жүзеге асуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ІТ саласының дамуына, халықаралық компаниялар тарапынан қызығушылықтың артуына, шағын және орта бизнеске қолайлы жағдайдың жасалуына ықпал етеді. Цифрлық шешімдер енгізілген сайын қала қызметтерінің ашықтығы артып, әкімшілік кедергілер азаяды. Бұл – инвестиция үшін ең қолайлы экожүйені қалыптастыратын маңызды фактор. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Қазақтелеком» басшылығына алғыс білдіре отырып, инновациялық серіктестік Шымкенттің дамуын жылдамдата түсетініне сенім білдірді. Бұл меморандум – қала экономикасына салынған ұзақмерзімді инвестиция, жаңа технологиялар енгізудің жүйелі бастамасы.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
