Президенттің өңірлердің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, халықаралық бағыттарды кеңейту және транзиттік мүмкіндіктерді өсіру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында бірқатар стратегиялық жобалар қолға алынып келеді. Сол жұмыстардың бірі – Шымкент халықаралық әуежайының инфрақұрылымын жаңғырту және халықаралық стандарттар бойынша қайта сертификаттау. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде Шымкент әуежайы сәтті аудиттен өтіп, RA3 (Regulated Agent Third Country) мәртебесін иеленді. Бұл сертификат – әуежайдың Еуропалық одақтың авиациялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетінін растайтын аса маңызды халықаралық құжат. Әуежайға KZ/RA3/00004-01 бірегей тіркеу нөмірі беріліп, Еуропаның ресми RA3 деректер базасына енгізілді. RA3 сертификаты Шымкенттен Еуропа елдеріне тікелей жүк тасымалдауға жол ашады. Енді жүк ұшақтары ЕО аумағына транзиттік бекеттерде қосымша тексерусіз кіре алады. Бұл: жеткізу уақытын қысқартады; логистикалық процестерді жеңілдетеді; жүк тасымалдау бағасын төмендетеді; халықаралық серіктестер үшін Шымкенттің тартымдылығын арттырады. Мамандардың айтуынша, бұл мәртебе өңірдің экономикалық дамуына елеулі серпін беріп, Шымкенттің Орталық Азиядағы жетекші жүк-логистикалық хабтардың біріне айналуына мүмкіндік береді. RA3 – жүк нарығын кеңейтетін ғана емес, Қазақстанның сыртқы сауда операцияларын жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық артықшылық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкенттің халықаралық әуе инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Жоспарға сай әуежайда екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Бұл – қаланы мультимодальды көлік орталығына айналдыру бағдарламасының маңызды бөлігі. Жаңа жолақтың параметрлері:ұзындығы – 3500 метр; ені – 60 метр; ПСН-80 санатындағы жоғары берікті төсем — ауыр жүк көтерімді әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Қауіпсіздік стандарттары да халықаралық талаптарға толық сәйкестендіріледі. Жолақ шектеулі көріну немесе қолайсыз ауа райында да ұшақтарды қабылдай алатын заманауи навигациялық жүйелермен жабдықталады. Бұл әуе қатынасының тұрақтылығын арттырып, тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуге жол ашады. Шымкент әуежайының жаңғыртылуы — қаланың экономикалық, логистикалық және іскерлік әлеуетін күшейтетін, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын стратегиялық қадам. Бұл — Мемлекет басшысының мегаполисті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың бірі.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
