Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету, тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту және қалалық орта сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Президенттің тапсырмалары мен қалалық даму стратегиясына сәйкес, тұрғын үй және газ техникалық инспекция саласында кешенді бақылау шаралары күшейтіліп, қаладағы қауіпсіздік деңгейі едәуір артты. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мен Шымкент қалалық газ техникалық қызметі коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп жүргізген іс-шаралар газ қауіпсіздігін сақтау, көпқабатты үйлердің басқару жүйесін жетілдіру және лифт шаруашылығын қатаң бақылауға бағытталған. Бұл жұмыстар мегаполистің инфрақұрылымдық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және қаладағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге нақты үлес қосып отыр. Газбен байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы 90 насихаттық іс-шара, 115 брифинг, мақала және әлеуметтік желілерде жарияланымдар, сондай-ақ 42 жиналыс пен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Тұрғындарға 190 мың дана жадынама таратылып, газ қауіпсіздігі жөніндегі ақпарат Instagram, Facebook және бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып отыр. Сонымен қатар, газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар күшейтілген. 2025 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабы бойынша 103 жеке тұлға, ал 305-бап бойынша 18 заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,9 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді. Газдан улану және қауіпті жағдайларды болдырмау мақсатында қала аумағында қауіпті және тәуекелді аймақтар анықталып, газ техникалық қызмет мамандары 190 мың үйді аралап, тексеру барысында 2 835 ақау анықтады. Оның 601-і жойылып, қалған 2 234 үйде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Тұрғын үй инспекциясы саласында да маңызды жұмыстар жүргізілуде. Қала аумағында 2 595 көпқабатты тұрғын үй тіркелген, оның ішінде 1 587 үй басқару нысанын таңдауға міндетті. Қазіргі таңда 138 мүлік иелері бірлестігі және 374 тікелей бірлесіп басқару нысаны құрылғанымен, 1 075 үй әлі де басқару формасын анықтамаған. Жергілікті атқарушы орган тұрғындармен кездесулер өткізіп, заңнамалық өзгерістер мен басқару нысандарының тиімділігін түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Лифт қауіпсіздігі де тұрақты бақылауда. Қалада 1 370 лифт жұмыс істейді, олардың қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасын қамтамасыз етуге жүйелі тексерулер жүргізілуде. Бұл шаралар тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
