Шымкент қаласы соңғы жылдары тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді аумақтық даму саясатын жүйелі түрде іске асырып келеді. Қала инфрақұрылымын жаңғырту тек жолдар мен инженерлік жүйелерді жетілдірумен шектелмей, әлеуметтік кеңістіктерді жаңарту, бұқаралық демалыс мәдениетін дамыту, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Осыған дәлел – биыл алғаш рет ашық аспан астындағы мұз айдындарының іске қосылуы. Астана алаңында ашылған алғашқы айдын тұрғындар арасында үлкен қызығушылық тудырды, ал алдағы күндері екінші айдынның іске қосылуы қаланың қысқы атмосферасын бұрынғыдан да жандандыра түспек. Сонымен қатар, Арбат пен «Мұз сарайы» маңында тағы екі мұз алаңы ашылуы жоспарланып отыр. Бұл бастама мегаполистің қоғамдық кеңістіктерін түрлендіріп, тұрғындарға қауіпсіз әрі сапалы демалыс ұсынуға бағытталған қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асуда. Жоба заманауи талаптарға сай толық жабдықталған: сапалы мұз, жарықтандыру, демалыс аймақтары, коньки жалға беру қызметі қарастырылған. Ең маңыздысы – жеке инвесторлар тартылған мұздатқыш жабдықтар арқасында ауа райы құбылмалы болған күннің өзінде мұз сапасы бұзылмайды. Бұл қаладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нақты тиімділігін көрсетеді. Өз конькиі бар тұрғындар үшін сырғанаққа кіру тегін болуы – әлеуметтік қолжетімділіктің маңызды мысалы. Бұл жобаның маңызы тек спорттық инфрақұрылымды дамытуда емес. Қаланы адамға ыңғайлы ету, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру, тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсарту – стратегиялық деңгейдегі мақсаттар. Белсенді демалыс орындарының көбеюі әсіресе жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік береді. Отбасының ортақ демалыс дәстүрлерін қалыптастыратын, қала тұрғындарының өзара байланысын күшейтетін, қоғамдағы ортақ позитивті көңіл-күйді арттыратын фактор ретінде де мұндай жобалар ерекше рөл атқарады. Шымкент – жыл сайын жаңарып, заман талаптарына сай дамып келе жатқан мегаполис. Қаланың қысқы инфрақұрылымын кеңейту арқылы әкімдік тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа деңгейдегі жобаларды іске асырып отыр. Ашық аспан астындағы мұз айдындары – тек спорттық объект емес, бұл – қаланың даму стратегиясының бір бөлігі, әлеуметтік ортаны жақсартуға арналған маңызды қадам. Қыс мезгілін қызықты әрі қауіпсіз өткізуге жасалған бұл мүмкіндік Шымкенттің қолайлы, белсенді әрі заманауи қала ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
