Шымкент қаласы тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жетістікпен толықты. Қазақстанда алғаш рет Елтай және Таскен шағынаудандарында жедел қызметтердің әмбебап кешендері ашылды. Бұл жаңа нысандар өзіне өрт сөндіру қызметін, жедел медициналық жәрдемді және полиция бөлімшелерін біріктіруімен ерекшеленеді. Мұндай формат – жедел көмек көрсету сапасын арттыруда озық шешім болып саналады. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, азаматтық қорғау саласының ардагерлері, полиция және денсаулық сақтау саласының басшылары, ТЖД қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты. Министрлік басшысы бұл жобаның халық қауіпсіздігін нығайтудағы маңызын атап өтіп, жаңа кешендердің символикалық кілттерін қызметкерлерге табыстады. Әмбебап нысандардың басты артықшылығы – жедел қызметтердің бір жерде шоғырлануы. Бұл кезекшілік жұмысының тиімділігін арттырып, төтенше жағдайға әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартады. Бөлімшелер арасындағы үйлесімді іс-қимыл да күшейеді. Қаланың шеткі аймақтарында мұндай кешендердің салынуы – Шымкенттің қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асып, рекордтық қысқа мерзімде – алты ай ішінде пайдалануға берілді. Әр кешенде 50-ге дейін маман қызмет етеді. Нысандар екі өрт сөндіру көлігін орналастыруға лайықталған кең гараждармен қамтылған. Ғимараттар заманауи талаптарға сай салынған: қызметтік бөлмелер, газ-түтіннен қорғау бекеті, асхана, оқу кабинеттері бар. Сондай-ақ құтқарушыларды даярлауға арналған оқу мұнарасы мен спорт алаңы қарастырылған. Полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем мамандарына арналған жеке жайлар да толық жабдықталған. Бұл үлгідегі инфрақұрылымдық жоба – қаланың дамуына серпін беретін маңызды бастамалардың бірі. Жыл соңына дейін Сәуле шағынауданында тағы бір әмбебап кешеннің құрылысы аяқталмақ. 2026 жылдың басында Бозарық-3 шағынауданында жаңа нысан ашу жоспарланған. Сонымен қатар, келесі жылы Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Шымсити, Жаңаталап және Ақжар шағынаудандарында тағы алты кешен салынбақ. Аталған жобалар «Аумақтарды дамыту жоспары» аясында жүзеге асырылып, Шымкенттегі қауіпсіздік пен жедел қызмет көрсетудің жаңа стандартын қалыптастыруда. Бұл – қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, мегаполистің ықшамаудандарында жедел көмек қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
