ШЫМКЕНТТІҢ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

Шымкент қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып, жаңа шағынаудандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру, елдімекендердің сапалы электр, су және жол жүйелеріне қосылуын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы маңызды жобалардың қатарында Құрсай елдімекеніндегі Жаңақұрылыс аумағында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым құрылысы бар. Бұл жұмыс қаланың көркеюіне, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруына тікелей ықпал етеді. Бүгінде аумақта электр энергиясымен жабдықтау жүйесі белсенді түрде жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Электромонтаж» АҚ тарапынан құрылыс жоспарлы әрі сапалы атқарылып келеді. Қазіргі таңда 22 шақырым жоғары кернеулі (10 кВ) кабель желісі мен 38 шақырым төменгі кернеулі (0,4 кВ) әуе желісі тартылған. Бұл – Жаңақұрылыс аумағын толыққанды электр энергиясымен қамтуға арналған негізгі базалық инфрақұрылым. Сонымен қатар жоба аясында 1 электр тарату бекеті және 5 заманауи трансформатор станциясы салынды. Жыл соңына дейін құрылыс толық аяқталып, аумақтағы 400-ге жуық үй сапалы әрі тұрақты жарық көзіне қосылады деп жоспарланған. Электр жүйесінің жаңғыртылуы – тұрғындар үшін жайлылық қана емес, қауіпсіздік, тұрмыстық мүмкіндіктердің кеңеюі және жаңа құрылыстардың бой көтеруіне жол ашатын маңызды тетік.Шымкент қаласының әкімдігі мен Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы инженерлік инфрақұрылымды дамытуды басым бағыт ретінде қолға алып отыр. Соңғы жылдары қалада жол, ауыз су, газ, электр желілерін жаңарту бойынша жүйелі жобалар іске асуда. Бұл тек қала экономикасының өсіміне емес, жаңа аудандардың қалыптасуына, халықтың өмір сүру сапасының артуына да айрықша серпін береді. Жаңақұрылыс аумағында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары Құрсайдың келешегін айқындайтын, оның дамуын жеделдететін маңызды жоба. Инженерлік желілердің толық жүргізілуі тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, болашақта әлеуметтік нысандар мен жаңа тұрғын үйлердің салынуына мүмкіндік береді. Бұл – Шымкенттің көркею жолындағы стратегиялық маңызы бар қадамдардың бірі.