ШЫМКЕНТТЕ 500 МЕГАВАТТЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ГАЗ-ЖЫЛУ СТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ

Шымкент қаласында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыт Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтерді тиімді және тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Қаладағы газдандыру деңгейі 97%-ға жетіп, 1,1 миллион тұрғын табиғи газбен қамтылған. 2024 жылы жүзеге асқан жобалар нәтижесінде 80 мыңнан астам қала тұрғыны жаңа газ желілеріне қосылып, тұрмыстық қолжетімділік артты. Биылғы жылы «Жұлдыз», «Жалын» және «Қарабастау» тұрғын алаптарында газдандыру жұмыстары жалғасып, жобалар аяқталған соң 13 мыңнан астам адам жаңа жүйеге қосылып, екі жаңа тұрғын аудан газбен қамтамасыз етіледі. Қаладағы жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға республикалық бюджет аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Олардың ішінде РК-1 қазандығы аумағында сорғы станцияларының ғимараттарын салу, К-24 және АДЦ қазандығын жаңғырту жұмыстары бар. Бұл жобалар тұрғындарға сапалы жылу беру мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, Шымкентте қала тұрғындарын электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету мақсатында қуаты 500 мегаватт болатын экологиялық газ-бу қондырғысын салу жоспарлануда. Жобаның іске асуы қаладағы энергетикалық жүйенің тиімділігін арттырып, өндіріс пен тұрғын үй секторын сапалы электрмен және жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қалада ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс тұрғындармен кездесіп, газ инфрақұрылымын дамыту, электр және жылумен жабдықтау жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ мұнай өнімдері мен сұйытылған газбен қамтамасыз ету шаралары туралы кеңінен баяндады. Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерді көтеріп, барлық өтініштер министрлік деңгейінде ары қарай қарауға тіркелді. Сондай-ақ, вице-министр «Оңтүстік Жарық Транзит» кәсіпорнының диспетчерлік орталығына барып, орталықтың тәулік бойғы жұмыс тәртібімен, жедел басқару процесімен және цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл шаралар Шымкенттің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға, қаланы дамытудың тұрақты жолын қалыптастыруға, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған стратегиялық қадам болып отыр. Шымкент қаласындағы энергетикалық жобаларды іске асыру қала экономикасының өсуіне серпін беріп, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, экологиялық тұрғыдан таза және қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.