Шымкент қаласында жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалада арнайы және құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер, білім ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер, ата-аналар мен жастардың қатысуымен өткен Үйлестіру кеңесі қазіргі ахуалды бағалап, өзекті мәселелерді талқылап, нақты шешімдер қабылдады. Кеңесте қаралған негізгі мәселелер – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов биылғы көрсеткіштерді атап өтіп, есірткі қылмыстарының 3,2 пайызға өскенін, сондай-ақ кәмелетке толмаған 5 жасөспірімнің есірткі сатуға қатысы бары анықталғанын айтты. Бұл көрсеткіштер профилактикалық жұмысты жаңа деңгейде ұйымдастыруды қажет ететін маңызды фактор саналады. Сонымен қатар, полиция департаменті есірткі жарнамасына қарсы күрес аясында интернеттен 1713 заңсыз ресурс анықтап, бұғаттады. Құқық бұзушылықты анықтауда дрондар мен заманауи техникалардың қолданылуы да тиімділігін көрсетіп отыр. 2025 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 136 пайызға өсіп, оның басым бөлігі ұрлық деректері екенін полиция өкілдері мәлімдеді. Бұл – отбасындағы бақылаудың әлсіреуіне, мектептегі тәрбиелік жұмыстың жеткіліксіздігіне және жасөспірімдердің бос уақытын тиімсіз өткізуіне тікелей байланысты көрсеткіш. Жиында жастарды қауіптен қорғау тек құқық қорғау органдарының емес, ең алдымен ата-аналар мен мектеп басшылығының тікелей жауапкершілігі екені ерекше атап өтілді. Жасөспірімдердің ортасы, күнделікті әрекеті, мінез-құлқы – бәрі алдымен үй мен мектепте қалыптасады. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін күшейту, мектептердің тәрбие жүйесін қайта қарау, проблемасы бар балалармен жеке жұмыс жүргізу қажеттігі көтерілді. Сонымен бірге, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру — құқық бұзушылықтың алдын алудағы маңызды қадам. Қосымша білім беру орталықтарының қолжетімділігін арттыру, спорт және шығармашылық үйірмелерінің санын көбейту, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған тегін секцияларды дамыту мәселелері қозғалды. Бұл бағытта қала әкімдігі білім, спорт, жастар саясаты және ішкі саясат бөлімдерімен бірлесіп, кешенді жоспарды жүзеге асырып келеді. Кеңес барысында барлық салалық құрылымдардың үйлесімді жұмысы ғана нақты нәтиже беретіні айтылды. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – ата-ана, мектеп, қоғам және мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Шымкентте жүргізіліп жатқан кешенді шаралар – дрондар арқылы бақылау, интернеттегі есірткі жарнамасын бұғаттау, профилактикалық кездесулер, рейдтер, түсіндіру жұмыстары – жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бағытталған үйлесімді іс-қимылдың маңызды бөлігі. Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, барлық құрылымдардың бірлескен әрекетін қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Жасөспірімдер қауіпсіздігі мен тәрбиесі – қоғамның да, қаланың да ең басты ортақ міндеті.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
