Шымкент қаласының экономикалық дамуы мен индустриялық саясат аясында өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу және қаланың инвестициялық әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, қалада өндірістік жобаларды тарту арқылы экономиканы әртараптандыру және білікті кадрларды дайындау басты стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады. Осы мақсатта Шымкентте «Selena Group» холдингімен бірлесіп құрғақ құрылыс қоспасын шығаратын жаңа зауыт құрылысын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба инвестиция көлемі шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайды және қаламыз үшін елеулі экономикалық маңызға ие. Жаңа өндіріс жылына 150 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болады, бұл отандық құрылыс материалдарының нарықтағы үлесін арттыруға, құрылыс саласын дамытуды қолдауға және қала инфрақұрылымының сапалы жаңаруына мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде шамамен 50 уақытша жұмыс орны ашылып, зауыт толық қуатына шыққан соң 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады, бұл жергілікті халық үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін тудырады. Жоба шеңберінде колледж студенттері үшін арнайы дәрістер, тәжірибелік сабақтар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Бұл шаралар жаңа зауыт үшін білікті кадр дайындауға, жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға және студенттердің халықаралық тәжірибе алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өндірістің заманауи технологияларымен танысу кәсіпорын жұмысын тиімді ұйымдастыруға және сапалы өнім шығаруға жағдай жасайды. Шымкенттің дамуы жолында дәл осындай өндірістік жобалардың рөлі ерекше. Олар тек экономиканы әртараптандырып қана қоймай, қаланың индустриалды әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялық тартымдылығын нығайтуға мүмкіндік береді.Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, қала әкімдігі жауапты құрылымдар арқылы инвесторларға барлық қолдау көрсету шараларын қамтамасыз етіп, жобаның сапалы және уақытылы жүзеге асуын бақылауда ұстайды. Шымкентте жүзеге асырылып жатқан «Selena Group» зауыты – қаланың өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және жергілікті мамандарды даярлауға бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі. Бұл жоба мегаполисті заманауи, инвестицияға тартымды және экономикалық тұрғыдан мықты қалаға айналдыруға ықпал етеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
