ШЫМКЕНТТЕ ҚОЗҒАЛЫС ОҢТАЙЛАНДЫРЫЛДЫ: ТҰРҒЫНДАР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА

Шымкент қаласы дамуының маңызды бағыттарының бірі – қала көшелеріндегі көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар Президенттің тапсырмалары мен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары аясында жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қаладағы жол қозғалысын оңтайландыру тек автокөліктер үшін емес, сонымен бірге жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлікті пайдаланушылар үшін де қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі таңда Бәйдібек би және Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрықтағы бағыттар қайта қаралып, көлік ағыны тиімді реттелді. Енді автокөліктер айналмалы жолға 2 жолақтан өтіп, қозғалысты жеңілдету мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, Назарбаев пен Шаяхметов көшелерінің қиылысында қозғалыс бағыттарына өзгерістер енгізіліп, Шаяхметов көшесі арқылы Назарбаев даңғылына оңға бұрылу үшін екі жолақтан пайдалану қарастырылды. Бұл қаладағы кептелістерді азайтып, жүргізушілердің қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Арғынбеков – Назарбеков көшелерін жалғайтын «Рахима плаза» сауда үйі маңындағы көшемен екі бағытты көлік қозғалысы ұйымдастырылып, Бәйтереков көшесінен Н.Назарбаев даңғылына солға бұрылуға қосымша секция орнатылды. Бұл өзгерістер қаладағы жол инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға ыңғайлы және қауіпсіз қозғалыс жағдайын жасайды. Алдағы уақытта Шаяхметов – Арғынбеков қиылысында қосымша секция орнату жоспарланып отыр. Ол сол жаққа бұрылуды жеңілдетіп, қозғалысты одан әрі оңтайландырады. Қала билігі жүргізіп жатқан бұл шаралар – тек көлік қозғалысын реттеу ғана емес, сонымен қатар Шымкенттің урбанистикалық дамуына, инфрақұрылымның сапасын арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Жақсартылған жол инфрақұрылымы қоғамдық көліктің тиімділігін арттырып, жолаушылар үшін ыңғайлы, қауіпсіз және қолжетімді қатынасты қамтамасыз етеді. Қорытындылай келе, көлік қозғалысын оңтайландыру жұмыстары қала дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Жүйелі түрде енгізіліп жатқан өзгерістер Шымкентті заманауи, қауіпсіз және қолайлы мегаполиске айналдыруға бағытталған нақты қадам болып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей үлес қосады.