ШЫМКЕНТТЕ ҚАНДАСТАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚОЛДАУЫ АРҚЫЛЫ ИНТЕГРАЦИЯЛАУ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласы әлеуметтік саясатты дамыту және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында бірқатар нақты шараларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – этникалық қазақ қандастарға «қандас» мәртебесін беру және оларды қала өміріне бейімдеу, жұмысқа тарту бойынша жүйелі жұмыстар. 2025 жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 464 отбасы немесе 1045 адам «қандас» мәртебесін алған. Оның ішінде 473 ер адам, 572 әйел адам бар. 18 жасқа дейінгі тұлғалар саны – 429, еңбекке қабілетті жастағылар – 512 адам. Қандастардың көпшілігі құрылыс, сауда-саттық және өзге де салаларда еңбек етуде. Білім деңгейі бойынша 118 адам жоғары білімді, 174 адам орта арнайы, 189 адам жалпы орта білімді болса, 11 адамның білімі жоқ. Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі ТМД елдерінен және шетелдерден келген. Соның ішінде 1029 адам Өзбекстаннан, 7 адам Қытай Халық Республикасынан, 7 адам Ресейден, 1 адам Қырғызстаннан және 1 адам Шри Ланкадан қоныс аударған. Қала әкімдігінің қолдауымен «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» мен «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» біріктіріліп, «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және қандастарды бейімдеу орталығы» болып қайта құрылды. Бұл – қандастарды әлеуметтік және еңбек қолдауы арқылы интеграциялаудың тиімді механизмі болып табылады. Еңбекке қабілетті қандастарды жұмыспен қамту бойынша нақты нәтижелер де бар. Еңбек мобильділігі орталығына 30 қандас жүгініп, оның 22-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, 13 адам бос жұмыс орындарына жолдамамен жіберілсе, 2 адам жастар практикасына, 2 қандас ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды, 1 адам жұмыс берушілердің сұранысы негізінде кәсіптік оқытудан өтті, ал 4 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерге оқытылды. Осы шаралар қандастардың қалалық инфрақұрылымға, еңбек нарығына және қоғамға бейімделуін жеңілдетіп, олардың әлеуметтік белсенділігін арттырады. Сонымен қатар, қандастарды қолдау – Шымкенттің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары және әлеуметтік қызметтер олардың тұрақты өмір сүруін, қаржылық тәуелсіздігін және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуын қамтамасыз етеді.