Шымкент қаласының экономикалық саясаты мен мемлекет басшысының жолдауы аясында халықаралық әріптестікті күшейту, сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалада жүзеге асырылып жатқан жобалар тұрғындар үшін тиімді инфрақұрылымды қалыптастыруға, әлеуметтік және экономикалық әлеуетті арттыруға бағытталған. Осы мақсатта Шымкентте бірқатар маңызды халықаралық кездесу өткізілді. Осы орайда, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған француз делегациясымен келіссөздер жүргізіліп, экономикалық, агроөнеркәсіптік, су технологиялары, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесу барысында Шымкент пен Франция арасындағы тікелей инвестициялық байланыстарды нығайту, қаланың индустриалды әлеуетін арттыру және агроөнеркәсіптік жобаларды дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, Максим Жеренжені Алматыдағы Францияның бас консулы лауазымына тағайындалуымен, ал Игорь Копайловты Шымкент пен Түркістан облысындағы Францияның Құрметті консулы қызметіне кірісуімен құттықтау жүзеге асырылды. Құрметті консулдықтың ашылуы өңірдің халықаралық байланысын кеңейтуге, қала мен шетелдік инвесторлар арасындағы сенімді диалог орнатуға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Кездесу барысында Шымкентте жыл сайын өткізілетін «Божоле Нуво» фестивалін ұйымдастыру, Шымкент–Ницца тікелей әуе бағытын ашу және Ницца мен Марсель қалаларымен бауырлас-қала байланысын орнату бастамалары да қаралды. Бұл жобалар қала экономикасын әртараптандыруға, туризм мен мәдени байланыстарды нығайтуға, халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесу өткізілді. Елшіні жаңа қызметімен құттықтап, екіжақты қатынастың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды талқыладық. Қаладағы инвестициялық мүмкіндіктер мен инвесторларға көрсетілетін «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау механизмдері таныстырылып, бірлескен жол картасын әзірлеуге және келесі жылы Шымкентте ірі бизнес-форум өткізуге уағдаласты. Шымкентте жүзеге асып жатқан халықаралық ынтымақтастық жобалары – қала экономикасының тұрақты дамуы, инвестициялық тартымдылықтың артуы және әлеуметтік-экономикалық әлеуеттің нығаюына бағытталған нақты қадамдар. Келіссөздер нәтижесі алдағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, халықаралық тәжірибені енгізуге және қалада жаңа жобаларды тиімді іске асыруға берік негіз болатынына сенім мол.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
