Шымкент қаласы экономикалық дамуды жеделдету, инвестициялық тартымдылықты арттыру және тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қалада сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, индустриялық әлеуетті нығайту және әлеуметтік саладағы жобаларды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып отыр. Осы мақсатта қалада халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірқатар кездесулер ұйымдастырылып, нақты жобаларды іске асыру жұмыстары жолға қойылған. Осы орайда Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Джейн Аксуорсимен келіссөздер жүргізілді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланып, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, білім беру, туризм, медицина және әлеуметтік жобаларды дамыту мәселелері қарастырылды. Елшіге қаладағы инвестициялық әлеует, жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтар, бизнес жүргізуге жасалған қолайлы жағдайлар таныстырылды. Айрықша назар Шымкентте британдық «AstraZeneca» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық бастамаларына аударылды. Компания қолдауымен қалалық онкодиспансер базасында заманауи эндоскопиялық жабдық қолданылатын онкологиялық ауруларды диагностикалау орталығын ашу жоспарланып отыр. Жоба аясында жергілікті мамандарды оқыту және халықаралық стандартқа сай медициналық тәжірибені енгізу көзделген. Бұл бастама қаладағы медициналық инфрақұрылымды заманауи деңгейге көтеріп, тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, кездесу барысында қала құрылысы, тұрақты экономикалық даму және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру салаларында тәжірибе алмасу мүмкіндіктері қарастырылды. Шымкенттің дамуы жолында халықаралық әріптестік жобалары инвестициялық климатты жақсартып, жаңа технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді. Кездесу соңында Елшіге сындарлы диалог үшін алғыс білдіріліп, жоспарланған бірлескен бастамалардың қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және халықаралық тәжірибені енгізуге елеулі үлес қосатыны атап көрсетілді. Шымкентте жүзеге асырылып жатқан осындай халықаралық ынтымақтастық жобалары – мегаполисті заманауи, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамыған қалаға айналдырудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
