ШЫМКЕНТТЕ ПЛАСТИК ӨНДІРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Шымкент қаласының экономикалық саясаты аясында өнеркәсіп саласын дамыту, инвестициялық жобаларды тарту және жаңа өндірістерді іске қосу маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Қала дамуының негізгі мақсаттарының бірі — индустриялық әлеуетті арттыру, өңдеу өнеркәсібін кеңейту және жаңа технологияларды енгізу арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету. Осы бағытта Шымкентте халықаралық стандартқа сай, жоғары технологиялық ПЭТ-преформа мен қайта өңделген пластик шығаратын зауыттың құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бұл жоба қаланың индустриалды дамуына, экологиялық жауапкершілікті күшейтуге және қалалық өндіріс көлемін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама ретінде ерекше мәнге ие. Жоба Түркияның “KÖKSAN PET ve Plastik Ambalaj Sanayi ve Ticaret A.Ş” компаниясының өкілдерімен бірлесіп іске асырылуда. Инвестициялық көлемі 63 млн АҚШ долларын құрайтын зауыт жылына 80 000 тонна ПЭТ-преформа және 24 000 тонна қайта өңделген пластик өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай заманауи өндіріс қаламыздағы пластик қалдықтарын қайта өңдеудің көлемін едәуір арттырып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жобаның іске асуы халықаралық сапа стандарттарына сай өнім шығаруға жол ашады, бұл қала кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Жобаның іске қосылуы 135 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Бұл қаланың еңбек нарығына қосымша мүмкіндіктер беріп, тұрғындар үшін жұмыспен қамтуды арттырады және әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін қосады. Инженерлік инфрақұрылымды ұйымдастыру, қажетті коммуникацияларды тарту және өндіріс процесін сапалы әрі уақытылы іске асыру мәселелері пысықталып, барлық жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру барысында қауіпсіздік, экологиялық стандарттар және өндірістік тиімділікті қамтамасыз ету басты назарда ұсталып отыр. Шымкенттің дамуы жолында мұндай өндірістік жобалардың рөлі ерекше. Олар тек қала экономикасын әртараптандырып қана қоймай, жаңа технологияларды енгізу, индустриалды аймақтарды кеңейту және өңдеу өнеркәсібінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобалар қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, шетелдік капиталды тарту арқылы өңірлік экономикалық өсімді қолдайды. Шымкентте жүзеге асырылып жатқан ПЭТ-преформа және қайта өңделген пластик шығаратын зауыт – қаланың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы тұрақты дамытудың маңызды қадамы болып табылады. Мұндай стратегиялық жобалар мегаполисті заманауи, экологиялық таза және инвестицияға тартымды қалаға айналдыруға ықпал етіп, өңірлік өнеркәсіптің жаңа деңгейге көтерілуін қамтамасыз етеді.