ШЫМКЕНТТЕ КӨП БАЛАЛЫ АНА ГРАНТ ЕСЕБІНЕН ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ДАМУ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ

Шымкент қаласында әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында 431 тұрғынға 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант берілді. Қолдау алған азаматтардың көпшілігі қаржыны мақсатты түрде жұмсап, өз бизнес-жобаларын жүзеге асыруда. Осыған орай, қала тұрғыны, көп балалы ана Ақмейір Қабылбек биылғы алғашқы грант лектінде жобасын комиссия алдында сәтті қорғап, ерекше балаларды түзету-дамыту орталығын ашуға мүмкіндік алды. 2025 жылғы айлық есептік көрсеткіш бойынша 400 АЕК 1 572 800 теңгені құрайды. Бұл қаражатқа кәсіпкер орталыққа қажетті велосипед-тренажер, электрлі жүру жолы, батут, татами, орындықтар мен логопедиялық құрал-жабдықтар сатып алды. Ғимаратты өз қаржысы арқылы жалға алып, орталықты іске қосты. Қазіргі таңда орталықта 5 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін 20 балаға логопед, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция және АФК мамандары қызмет көрсетіп жатыр. Бұл орталық балалардың физикалық және психологиялық дамуына қажетті кешенді көмек көрсететін бірегей мекеме болып отыр. Гранттарды бекіту кезінде комиссия жобаның өміршеңдігіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, нарықтағы сұранысқа және үміткердің саладағы тәжірибесіне ерекше мән береді. Атап өту керек, қайтарымсыз гранттар үй немесе жер телімін сатып алуға, несиені өтеуге, сондай-ақ акциздік тауарларды өндіруге бағытталмайды. Бұл жоба Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету және тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты іске асуы болып табылады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арқылы көп балалы аналар өз қабілеттерін іске асырып, қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Шымкент қаласында осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы нығайтуға зор үлес қосуда.