Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын жетілдіру және өндірістік әлеуетті арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бұл жобалар Президенттің экономиканы әртараптандыру, өңдеу және өндіріс салаларын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда, қала тұрғындары үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи орта қалыптастыруға бағытталған. Қала аумағында Тұран тұрғын алабындағы Ақсүмбе көшесін Мұстафа Шоқай көшесінен Қожаберген жырау көшесіне дейін ұзарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобаны іске асыру Бәйдібек би даңғылындағы көлік жүктемесін айтарлықтай азайтып, ауданішілік және қалааралық көлік инфрақұрылымын жетілдіруге мүмкіндік береді. Жобаның аясында көшенің жол қабаттарын жаңарту, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жарықтандыру жүйесін орнату және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, Шымкентте өндірістік секторды дамыту бағытында иттерге азық шығаратын цех жұмысын кеңейту қолға алынған. Компания басшылығы нарықтағы сұранысты ескере отырып, өнім түрін арттыруға бағытталған жоспарларын таныстырды. Өндіріс барысында қауіпсіздік пен сапаның жоғары стандарттарын сақтау басты назарда ұсталып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастыру мәселелерін шешуге қолдау көрсетіп, кәсіпорынның әрі қарай дамуына қолайлы жағдай жасалуда. Бұл бастама Шымкенттің азық-түлік және мал шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, қаладағы маңызды көлік магистральдарының бірі — Тұран ауданындағы А-2 айналма жолын жаңғырту (V кезең) жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жол Шымкентті елдің басқа өңірлерімен байланыстырып, жүк тасымалын тиімді ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады. Жаңғырту жұмыстарының аясында жолдың жолақтары мен қабаттары жаңартылып, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Жауапты құрылымдарға барлық жұмыстың уақтылы аяқталуын, жол сапасына тұрақты бақылау жүргізуді және бүкіл учаскеде қауіпсіз қозғалысты ұйымдастыруды тапсырылған. Осы және осындай жобалар Шымкенттің дамуы жолында маңызды рөл атқарады. Көлік инфрақұрылымын жетілдіру, өндірістік кәсіпорындарды кеңейту және айналма жолдардың жаңартылуы — қаланың экономикалық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтеді, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартады және қала экономикасын жаңа деңгейге көтереді. Президент тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар мегаполисті заманауи, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан тұрақты қалаға айналдыруға қызмет етеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
