Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Шымкент қаласында кәсіптік-техникалық мамандықтардың мәртебесін арттыру, жастарды өндірістік салаға қызықтыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қаладағы инновациялық-технологиялық колледж студенттері «Стандарт Цемент» ЖШС-ның өндіріс үдерісімен танысуға мүмкіндік алды. Іс-шара барысында студенттер кәсіпорынның негізгі бөлімшелеріне барып, тәжірибелі инженерлер мен технологтардың жұмысымен танысты. Олар цемент өндірісінің заманауи технологиялары, қауіпсіздік талаптары және өндірістік процестің әр кезеңіндегі бақылау жүйелері туралы жан-жақты ақпарат алды. «Стандарт Цемент» ЖШС – Оңтүстік өңіріндегі ірі және әлеуетті кәсіпорындардың бірі болып табылады, мұнда жылына 2 миллион тоннадан астам цемент өндіріледі. Кәсіпорын бас технологы Асылжан Қыдырәлиев студенттерге орталық басқару жүйесінің жұмысын таныстырып, әр бөлімшенің өндірістік міндеттерін және сапа бақылау процедураларын көрсетіп өтті. Студенттер цех басшыларының, механиктердің, зертхана қызметкерлерінің және сапаны бақылау мамандарының күнделікті жұмыс үдерісіне дублер ретінде қатысып, қарапайым өндірістік міндеттерді өз бетінше орындады. Инновациялық-технологиялық колледждің арнайы пән оқытушысы Серікбек Есмұрзаев мұндай тәжірибе жастардың кәсіби бағдарын айқындауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. «Дублер күні» студенттерге өндірістік орта мен инженерлік-техникалық мамандықтардың нақты талаптарын өз көзімен көруге мүмкіндік береді. Іс-шара колледждің «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» және «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша оқитын студенттеріне, сондай-ақ техникалық бағытқа қызығушылық танытқан мектеп оқушыларына арналған. Мұндай бастамалар жастарға өндірістік тәжірибені жақынырақ таныстыруға, мамандық таңдауда нақты бағдар алуға және жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңыздылығын түсінуге көмектеседі. «Жұмысшы мамандықтары жылы» бағдарламасы аясында Шымкентте осы сияқты тәжірибелік кездесулер мен кәсіби бағдар беру іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып, жастарды сапалы кәсіби даярлауға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
