Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өндірісті жаңғырту және экономикалық әртараптандыру бағытында маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – заманауи жылыжай кешенінің құрылысын іске асыру. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында агроөнеркәсіптік секторды модернизациялау, өнім сапасын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар, жоба Шымкент қаласының экономикалық саясаты мен аумақтық даму стратегиясына толық сәйкес келеді, қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам болып табылады.
«Alsera KZ» компаниясы жүзеге асырып жатқан жылыжай кешені екі кезеңде іске қосылады:
📍 I кезең – Бозарық индустриялық аймағында;
📍 II кезең – Мартөбе тұрғын алабында.
Қазіргі таңда жобаны іске асыруға 500-ден астам адам тартылып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. I кезеңді 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жылыжай кешенінің жалпы өндіріс қуаты жылына 150 мың тонна қызанақ (қызыл шоқты сорттар) деңгейінде болжанып отыр. Жоба Нидерландтың заманауи «Venlo» технологиясымен жабдықталған, бұл өсімдіктердің тұрақты өсуіне, климаттық жағдайға бейімделуіне және жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Жобаның әлеуметтік әсері де айтарлықтай. Жылыжай кешені іске қосылған кезде 500-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік туады. Әсіресе жастар мен әйелдерге жұмысқа орналасу, әлеуметтік осал топтардың өмір сапасын жақсарту бағытында қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Сонымен қатар, инновациялық технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілеттілік артып, өнімнің экспорттық әлеуеті күшейеді. Жобаның экономикалық әсері де елеулі. Заманауи жылыжай кешені Шымкент қаласының индустриалды аймақтарын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ауыл шаруашылығы саласындағы инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді. Жоба жергілікті өндірісті қолдауға, қаланың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және қала экономикасын тұрақты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, жылыжай кешені азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға тікелей үлес қосады. Жобаның іске қосылуы арқылы қала тұрғындары сапалы, қауіпсіз және жергілікті өнімдермен қамтамасыз етіледі. Бұл, өз кезегінде, азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтап, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді. «Alsera KZ» компаниясының заманауи жылыжай кешенін салуы – Шымкенттің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экономикалық әртараптандыруға және жергілікті халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған стратегиялық және перспективалы бастама болып отыр. Жобаның іске қосылуы қала экономикасына жаңа серпін беріп, Шымкентті инновациялық, тұрақты дамитын қалалардың қатарында алға шығаруға мүмкіндік береді.
