ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА БАЙЛАНЫС БАҒЫТТАРЫ ҚАЛЫПТАСУДА

Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және көлік қозғалысын оңтайландыру бағытындағы жұмыс көлемі жылдан жылға артып келеді. Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте жолдарға түсетін салмақтың жоғары екені белгілі. Сондықтан қала әкімдігі жаңа жобаларды қолға алып, көше-жол желісін кеңейту, баламалы бағыттарды ашу және магистральдардағы көлік жүктемесін азайту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл бастамалар қаланың стратегиялық даму жоспарына сай жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қазиев көшесі мен Шұбаркөл көшесінің жалғасын салу жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Бұл жоба – қала ішіндегі көлік байланысын күшейтуге және қозғалыстың бірқалыпты жүруіне тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымдық бағыттардың бірі. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін аталған көшелердің жалғасы жаңа транзиттік мүмкіндік ұсынып, жүргізушілерге ыңғайлы әрі қауіпсіз қозғалыс жолын қалыптастырады. Сонымен қатар, жаңа бағыттардың ашылуы көлік ағынын тиімді бөлуге, орталық көшелердегі кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Бәйдібек би даңғылы – Шымкенттің негізгі магистральдарының бірі. Осы даңғылға түсетін көлік жүктемесін төмендету мақсатында баламалы бағыттарды дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Солардың ішінде Ы. Алтынсарин көшесін кеңейту жобасы ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда бұл көшеде жолды екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, жүргінші қауіпсіздігін арттыру шаралары жүргізілуде. Жоба толық іске асқанда қаланың бірқатар шағынаудандары арасындағы көлік байланысы әлдеқайда жақсарып, көлік қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі. Жаңа баламалы бағыттардың қалыптасуы қала логистикасын оңтайландырып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті жүріс-тұрысына да оң әсер етеді. Жүргізушілер үшін жолдағы уақыт қысқарып, көліктердің қауіпсіз қозғалысына жағдай жасалады. Ал негізгі магистральдардағы жүктеменің азаюы экологиялық ахуалдың жақсаруына, жолдардағы апаттық жағдайлардың төмендеуіне септігін тигізеді. Қала әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы – Шымкентті заманауи, инфрақұрылымы дамыған, қозғалысы ыңғайлы мегаполиске айналдыруға бағытталған. Қала халқының саны өсіп келе жатқанын ескерсек, жаңа жолдардың салынуы, қолданыстағы көшелердің кеңейтілуі және баламалы бағыттардың ашылуы – қаланың болашақ дамуы үшін аса маңызды қадамдар.