ШЫМКЕНТТЕ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖҮЙЕСІ ЦИФРЛАНДЫРЫЛУДА

Шымкент қаласында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен енгізіліп жатқан цифрлық жүйелер азаматтарға қызмет көрсетудің ашықтығын арттырып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшесі мамандары жұмыс берушілер мен қызметкерлерге жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Еңбек шартын заңды рәсімдеу, жалақыны уақытылы төлеу, еңбек қауіпсіздігін сақтау – осы және өзге де маңызды мәселелер цифрлық платформалар арқылы тиімді бақыланатын болады. Бұл шаралар «Әділетті Қазақстан» және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бастамаларының талаптарына сәйкес келеді. Бүгін Көрме орталығында Шымкент қаласындағы білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларын қамтитын бірыңғай цифрлық платформа таныстырылды. Жаңа жүйе барлық құжаттарды бір деректер базасында сақтап, қызмет көрсету процесін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бюджеттің дұрыс жұмсалуы қадағаланып, заңсыз еңбек қатынастарының алдын алу және көмекке мұқтаж азаматтарға әділ әлеуметтік қолдау көрсету жеңілдейді. Пилоттық жоба аясында Шымкент пен Қарағанды облысында 36 мекеменің жұмысы толық цифрландырылды. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, отбасы қолдау орталықтары, балалар үйлері бар. Әр отбасыға арналған цифрлық қолдау маршруты құрылып, төтенше жағдайларда жедел көмек көрсету тетігі де қарастырылған. Бұл жаңа жүйе қағазбастылықты азайтып қана қоймай, еңбек құқықтарын қорғауды күшейтеді және мемлекеттік қызметтерді ашық әрі қолжетімді етеді. Сонымен қатар, цифрландыру халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға нақты үлес қосады. Әрбір азамат өз құқықтары мен мемлекеттік қолдауды онлайн түрде көріп, қажетті қызметке жылдам қол жеткізе алады. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға ерекше қолдау болып табылады. Шымкенттегі цифрлық жүйелерді енгізу – қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, еңбек қауіпсіздігін күшейту және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Ендігі уақытта бұл тәжірибе басқа өңірлерде де таралып, «Әділетті Қазақстан» және «Цифрлы Қазақстан» бастамаларының тиімділігін арттыруға қызмет етеді.