Шымкент қаласында білім сапасын жүйелі түрде арттыруға бағытталған «Сапалы білім» кешенді жобасы іске асырылуда. Бұл бастама – Мемлекет басшысының қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, жастардың интеллектуалды әлеуетін дамыту және білім беру саласын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының нақты көрінісі. Жоба оқыту сапасын көтеруге, білім алшақтығын азайтуға, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және оқу үдерісін цифрландыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды қамтиды. Жоба аясында оқушылардың оқу, жазу, тыңдалым және айтылым дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Кітаппен қанаттан», «Абай оқулары», «Жыр бұлағы – сөз сыры», «Жыр додасы» сияқты байқаулар оқылым мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық әдебиет пен мәдени мұраны насихаттауға бағытталса, «Алтын қалам», «Ұлттық диктант», «Сөз мерейі», «Озық ойлы ұлт» жобалары жазу сауаттылығы мен шығармашылық қабілеттерді дамытуға ықпал етеді. Сонымен бірге, оқушылардың сөйлеу мәдениетін арттыруға арналған «Сөз құдіреті» жобасы іске қосылып, дебаттар, челлендждер және түрлі сайыстар ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралар жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, олардың сындарлы ойлау, дәлелді пікір айту дағдыларын қалыптастырады. Қазіргі заман талабына сай цифрлық білім беру бағытында «Shymkent Bilim Hub» жобасы қолға алынған. Бұл бастама мұғалімдер мен оқушылардың жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды меңгеру қабілетін арттыруға, интерактивті оқыту тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба педагогтардың кәсіби құзыреттілігін жаңғыртып, оқу үдерісінде заманауи цифрлық құралдарды тиімді қолдануға септігін тигізеді. Шымкенттегі бұл кешенді білім жобалары – Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отырған нақты қадам. Олар оқыту сапасын арттырып қана қоймай, жаңа буынның бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, интеллектуалды әлеуетін дамытуға, сонымен қатар қаладағы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Осы арқылы Шымкент қаласы – білім мен инновация орталығы ретінде дамып, заманауи, интеллектуалды, шығармашылық қабілеті жоғары жастардың өмірге жол ашатын қаласына айналмақ. Жобаның жүзеге асырылуы оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеріп, Шымкенттің білім саласындағы көшбасшы қала мәртебесін нығайтады.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
