ШЫМКЕНТТЕ БАҒДАРШАМДАРДЫҢ ҮЗДІКСІЗ ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды бағыттарының бірі — жол қозғалысын тиімді ұйымдастыру және тұрғындарға қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынас жағдайын жасау болып табылады. Қала көшелеріндегі қозғалыс тәртібі мен кептелістердің алдын алу тікелей бағдаршамдардың тұрақты жұмысына байланысты. Алайда электр желілеріндегі ақаулар мен техникалық мәселелер салдарынан кейбір бағдаршамдар уақытша істен шығып, жол қозғалысына кедергі келтіретін жағдайлар жиі кездеседі. Осы мәселені шешу мақсатында Шымкент қалалық көлік басқармасы жаңа жүйелік шешімдер енгізуде. Жыл басынан бастап 24 бағдаршам нысаны үздіксіз қуат көздерімен (аккумуляторлар) жабдықталды. Бұл қондырғылар электр энергиясы ажыратылған жағдайда да бағдаршамдардың 20 сағатқа дейін жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда қаланың негізгі көшелері мен маңызды бағыттарында орналасқан тағы 20 бағдаршам нысаны да арнайы құрылғыларымен жабдықталуда. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін қосымша 20 бағдаршамға аккумуляторлар орнатылып, қала бойынша үздіксіз жұмыс істейтін бағдаршамдар саны едәуір артады. Барлық жаңа қондырғылар интеллектуалды көлік жүйесіне (ITS) интеграцияланып, «Диспетчерлік қызмет орталығы» операторлары тарапынан онлайн режимде бақылауға алынды. Бұл жүйе әр бағдаршамның жағдайын нақты уақыт режимінде қадағалап, ақау туындаған жағдайда дереу шара қолдануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жол қозғалысының тиімділігі артып, кептелістерді азайтуға, жол-көлік оқиғаларының санын төмендетуге және жолаушылар мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл бағдарлама Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық маңызды бағыты болып табылады. Үздіксіз қорек көздерін енгізу арқылы қала көшелерінің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі, түнгі және электр қуаты жоқ жағдайларда да бағдаршамдардың жұмыс істеуі көлік ағымын реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шешім мегаполистің заманауи стандарттарға сәйкес дамуына үлес қосып, қала көшелерінің көркеюін қамтамасыз етеді. Қала әкімдігі мен тиісті басқармалар осы жобаны кешенді түрде жүзеге асыра отырып, Шымкенттің заманауи, қолайлы әрі қауіпсіз мегаполиске айналуына бағытталған нақты қадамдар жасамақ. Үздіксіз жұмыс істейтін бағдаршамдар қала инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың жолдағы қауіпсіздігін арттыруға, қоғамдық көліктің қозғалысын оңтайландыруға және қаладағы транспорт жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге зор үлес қосады.