ШЫМКЕНТТЕ АУТИЗМІ БАР БАЛАЛАРДЫҢ ОҢАЛТУ КӨРСЕТКІШТЕРІ АЙТАРЛЫҚТАЙ АРТТЫ

Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Болат Медетов балаларға арналған жалпы психиатриялық бөлімшенің жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, ем қабылдап жатқан балалардың жағдайын бағалады. Бас дәрігердің аралауы барысында палаталарды аралап, медициналық қызметкерлермен арнайы кездесулер өткізілді. Кездесулерде көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, оңалту бағдарламаларын жетілдіру және балалардың психикалық денсаулығын қорғаудағы жаңа әдістемелік тәсілдер талқыланды. Сонымен қатар, балаларға арналған терапия мен реабилитацияның тиімді ұйымдастырылуы ерекше назарға алынды. Болат Медетов бөлімше қызметкерлерінің кәсіби адалдығын, балаларға мейіріммен және қамқорлықпен қарайтынын жоғары бағалап, олардың жұмысына ризашылығын білдірді. Орталық басшылығы ұжымның кәсіби шеберлігін, жауапкершілігін және балалардың психикалық дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Мұндай қолдау медициналық персоналды ынталандырып, балаларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға септігін тигізеді. Балаларға арналған жалпы психиатриялық бөлімше тәулік бойы қызмет көрсететін 25 төсек-орындық стационар және күндізгі стационар ретінде 10 төсек-орынмен жұмыс істейді. Мұнда психикалық және эмоционалдық ауытқулары бар балаларға кешенді медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бөлімше мамандары әрбір баланың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, терапия мен реабилитацияны жеке бағдарлама бойынша ұйымдастырады. 2025 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша бөлімшеде 403 бала ем қабылдаған. Олардың ішінде 123 балаға арнайы «аутизм» диагнозы қойылған. Емдеу барысында заманауи психотерапиялық әдістер мен коррекциялық бағдарламалар кеңінен қолданылды. Әрбір балаға жеке тәсіл қолданылып, психикалық жағдайын, қарым-қатынас дағдыларын, танымдық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде балалардың мінез-құлқы мен әлеуметтік дағдылары айтарлықтай жақсарды, оқу және өз-өзіне сенім деңгейлері артты. Бөлімше ұжымы алдағы уақытта да балалардың толыққанды дамуына, әлеуметтік бейімделуіне және өмір сапасын арттыруға бағытталған жоғары сапалы медициналық және психологиялық қызмет көрсетуді жалғастыра береді. Орталық қызметкерлері заманауи әдістерді енгізіп, әрбір баланың дамуына жағдай жасап, олардың психикалық және эмоционалдық дамуына қамқорлықпен қарайды. Мұндай жүйелі және жан-жақты қолдау балаларға тек медициналық көмек қана емес, сонымен бірге олардың қоғамдық өмірге бейімделуіне, өз мүмкіндіктерін дамытуына, өмірде сенімді болуына мүмкіндік береді.