ШЫМКЕНТТЕГІ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы ауыз сумен және сенімді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының қаланы дамытудың кешенді жоспарлары мен аумақтық даму бағдарламаларын жүзеге асыру аясында жүргізіліп отыр. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және өсіп келе жатқан қала халқының қажеттіліктерін қамтамасыз ету – бұл жобаның басты мақсаты болып табылады. Аталған жұмыстар 2021–2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде іске асырылуда. Бағдарламаны Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 750 248,994 мың теңге, оның ішінде 110 051,862 мың теңгесі осы жылға жоспарланған. Бағдарлама шеңберінде қаланың су құбыры мен кәріз жүйелерін қайта құру, жаңғырту және заманауи стандарттарға сәйкестендіру көзделген. Қала халқының жыл сайын артуы, жаңа шағын аудандардың пайда болуы және тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған тұтынушылар санын арттырды. Осыған орай, ауыз сумен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыру, су өткізу қуатын күшейту, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында бірқатар нақты жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар аясында бақылау-өткізу пункттері жаңартылды, ВС-1 және ВС-2 сорғы стансаларының қоршаулары қалпына келтірілді. Қаладағы өрт гидранттары ауыстырылып, әртүрлі диаметрдегі жаңа су құбыры желілері тартылды. Сонымен қатар, «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су тарту құрылғыларына күрделі жөндеу жүргізіліп, бақылау-өткізу пункттері мен ғимараттарының қоршаулары жаңартылды. Достық су тарту құрылғысының периметрі бойынша да қоршаулар қалпына келтірілген. Осы жобалардың іске асуы – Шымкент қаласының аумақтық даму жоспары мен инфрақұрылымды жаңғырту стратегиясының нақты көрінісі болып табылады. Су жүйесін жаңғырту тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың дамуына, жаңа аудандар мен тұрғын үй кешендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіне серпін береді. Мұндай жұмыстар қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға, ауыз су сапасын арттыруға және қала тұрғындарына қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралардың бірі болып саналады. Шымкент қаласындағы бұл жаңғырту жобалары қаланы тұрақты дамытудың, инженерлік инфрақұрылымды жетілдірудің және тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі болып отыр. Жоспарлы түрде жүргізіліп жатқан жұмыстар қаладағы сумен қамтамасыз ету мен кәріз жүйесінің сенімділігін арттыруға, қала аумағын инфрақұрылымдық тұрғыдан дамытуға және жаңа шағын аудандарды сапалы түрде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.