Бүгінде Шымкент қаласы экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Қала экономикасының негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнес саласы жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына тікелей ықпал етуде. 2025 жылы бұл үрдіс айқын байқалып, Шымкенттің іскерлік әлеуеті бұрынғыдан да нығая түсті.
Қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 143 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артты. Оның ішінде 22,6 мыңы – заңды тұлғалар, 115,1 мыңы – дара кәсіпкерлер және 5,3 мыңы – шаруа қожалықтары. Бұл көрсеткіштер Шымкенттің кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастырғанын және тұрғындардың өз ісін ашуға деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартады.
ШОБ саласындағы оң өзгерістер жұмыспен қамту көрсеткішінен де көрініс тапты. 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек ететін азаматтардың саны 250,4 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 10,5 пайызға өсті. Сонымен қатар, өндірілген өнім көлемі 2 трлн теңгеден асып, 35,2 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Нәтижесінде шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 57,6 пайызға жетіп, қала экономикасының негізгі тірегіне айналды.
Кәсіпкерлікті жүйелі қолдау – Шымкент дамуының басым бағыттарының бірі. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 2025 жылы қалада кәсіпкерлікті қолдауға 19,6 млрд теңге бөлініп, оның 16,96 млрд теңгесі 2035 жобаға бағытталды. Бұл қаржы несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға, кепілдендіруге, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларды гранттық қаржыландыруға жұмсалды. Бұдан бөлек, «Іскер қала» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлердің өндірістік алаңдарды жалға алу шығындары субсидияланып, бизнесті кеңейтуге нақты мүмкіндік берілуде.
Қаланың экономикалық ашықтығын арттыру мақсатында енгізілген арнаулы салық режимі де оң нәтижесін көрсетті. Бөлшек салық мөлшерлемесінің 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілуі бюджетке түсетін түсімдердің үш есеге артуына жол ашты. Бұл бастама 2026 жылдан бастап оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге де қолданылатын болады.
Шымкенттің индустриялық әлеуетін арттыруда шағын өнеркәсіптік аймақтардың рөлі ерекше. Қалада бұл бағытта үш ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде 44 мың шаршы метрден астам өндірістік ғимарат пайдалануға берілмек. Жобалар толық іске қосылған кезде 50-ден астам жаңа шағын кәсіпорын ашылып, 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Осылайша, шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және өндірістік инфрақұрылымды кеңейту – Шымкенттің тұрақты экономикалық өсіміне, халықты жұмыспен қамтуға және қаланың заманауи мегаполис ретінде қалыптасуына берік негіз болуда.
