Шымкент қаласында Оқу-ағарту министрлігінің Talap КеАҚ, Шымкент қаласының әкімдігі және Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және өнер: әлеуметтік аспектілер және білім» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының қазіргі қоғамдағы рөлін терең талдау, оның өнер және білім саласына әсерін қарастыру, сондай-ақ этикалық және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін зерттеу болды. Семинар барысында қатысушылар ЖИ-дің адам шығармашылығымен байланысы, оның шығармашылық ізденістерге беретін жаңа мүмкіндіктері, цифрлық мәдениеттің болашақ даму бағыттары мен өнер саласындағы инновациялық қолданылу жолдарын талқылады. Іс-шара ғылыми қауымдастық, білім беру мекемелері мен шығармашылық мамандардың тәжірибе алмасатын кәсіби алаңына айналды. Колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Тастанбеков семинардың өзектілігін атап өтіп, жасанды интеллектінің педагогтардың кәсіби дамуына тигізетін әсеріне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі жаһандану дәуірінде ЖИ білім беру саласын жүйелі түрде өзгертіп, оқытушыларға жаңа цифрлық мүмкіндіктер ұсынады. «Бүгінгі семинарда жасанды интеллект пен өнер саласындағы заманауи жаңалықтарды талқылау, сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған тәжірибе алмасу алаңын құру маңызды. Семинарға түрлі білім беру ұйымдарынан келген мамандар қатысып, ЖИ-ді білім процесіне тиімді енгізу жолдары туралы өз ойларын ортаға салды», – деді ол. Өнер және дизайн кафедрасының меңгерушісі Зульфия Иманқұлова жасанды интеллектінің оқу және өнер саласында нақты қолданылуын мысалдармен түсіндірді. Оның пікірінше, ЖИ оқытушының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді, жаңа экономикалық саясатқа сай инновациялық кадрларды дайындау мен цифрлық өнер саласын дамытуға жағдай жасайды. Семинар Цифрлы Қазақстан бастамаларының және Шымкент қаласының жаңа экономикалық саясатының нақты көрінісі болып табылады. Жасанды интеллектіні өнер мен білім саласына тиімді енгізу арқылы қаланың шығармашылық индустриясы дамып, студенттер мен жас мамандардың цифрлық дағдылары артады. Бұл – Шымкенттің экономикасын жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және жастарға инновациялық кәсіби мүмкіндіктер жасау жолындағы маңызды қадам. Халықаралық семинардың нәтижесінде қатысушылар жасанды интеллектіні өнер және білім саласында қолданудың тиімді жолдарын меңгеріп қана қоймай, қаланың цифрлық дамуы мен жаңа экономикалық бағыттағы жобаларды қолдау үшін практикалық ұсыныстар мен әдістемелік материалдар алды.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
