Шымкент қаласының Тұран ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және қаланың эстетикалық келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған бастамалар қала аумақтық дамуының кешенді жоспарына сәйкес жүргізіліп, Мемлекет басшысының Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз етеді. Аудан аумағында су ағымын реттейтін ирригациялық жүйелер кезең-кезеңімен жаңартылуда. Биыл жалпы ұзындығы 20,6 шақырымды құрайтын жүйе 50 көшеге орнатылмақ. Қазіргі уақытта 16,4 шақырымдық инфрақұрылым жұмысын аяқтап, қалған 4,2 шақырым келесі айларда толық іске қосылады. Бұл қадам Тұран ауданының тұрғындары үшін су ресурстарын тиімді пайдалану мен аумақтың су тасқынын болдырмауға мүмкіндік береді. Ауданның эстетикалық келбетін арттыру мақсатында 2025 жылы 9 көпқабатты үйдің қасбетіне мурал салынды. Сонымен қатар, қазіргі таңда 49 көпқабатты үйдің сырты жарықтандырылып, көркейту жұмыстары толық аяқталды. Тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. «Тұрғын үй» ЖШС тарапынан 6 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары атқарылуда. Аудандағы 548 көпқабатты үйдің 503-і орталық жылу жүйесіне қосылған, ал 45 үй автономды жылыту жүйесін пайдаланады. Қысқы маусымға дайындық аясында 501 үйге техникалық тексеру жүргізіліп, дайындық актілері берілді. Бұл – тұрғындардың жылу және тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етудің маңызды көрсеткіші болып табылады. Тұран ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды экологиялық жұмыстар атқарылды. Биыл 70-тен астам сенбілік ұйымдастырылып, оған 117 мыңнан астам тұрғын, сондай-ақ 382 мекеме мен кәсіпорын қатысқан. Нәтижесінде 442 аула тазаланып, 656 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Экоакция 5 мекенжайда өткізіліп, онда 8 мың ағаш әктеліп, 2 845 ағашқа санитарлық қырқу жасалды. Сонымен қатар, 68,7 мың шаршы метр аумақта шөп шабылып, 146 мың шаршы метр су айдыны мен 932 шақырым көше тазартылды. Жұмысқа 72 техника тартылып, ағымдағы жылы 3 мың түп тал егілді. Аудан бойынша 3 610 қоқыс жәшігі орнатылды. Бұл жүйелі және ауқымды жұмыстар Тұран ауданын көркейтіп қана қоймай, тұрғындар үшін қауіпсіз, таза және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, атқарылып жатқан шаралар қала аумақтық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, Мемлекет басшысының Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын жақсарту бойынша тапсырмаларының нақты орындалуын айқындайды.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
