Тұран ауданы – Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп отырған аумақтарының бірі. Қазіргі таңда ауданда 21 шағынаудан, 548 көпқабатты үй және 39 357 жеке тұрғын үй орналасқан. Халық саны 232 700 адамға жетіп отыр. Аудан аумағында 1 229 көше, 27 саябақ, гүлзар және демалыс орындары, сондай-ақ 293 әлеуметтік нысан тұрғындарға қызмет көрсетуде. Аудандағы инфрақұрылымдық қамтылу деңгейі жылдан жылға артып келеді. Халықтың 98,5%-ы ауыз сумен, 85,7%-ы табиғи газбен, 95,2%-ы электр қуатымен, 57,1%-ы кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысының Шымкент қаласын дамытуға және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларының орындалуын айқын көрсетеді. 2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аудан аумағында 32 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 18 балалар ойын алаңшасы, 12 ашық спорт және ойын алаңшасы, сондай-ақ 2 ортақ қоғамдық кеңістік салу көзделген. Бүгінде олардың 6 алаңшасы толық пайдалануға берілді. Аумақты абаттандыру бағытында 5 мекенжайда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, Р.Қабылбеков көшесінде гүлзар құрылысы толық аяқталды. Сондай-ақ Ұ.Арғынбеков пен С.Бәйтереков көшелерінің қиылыстарында, Т.Рысқұлов пен А.Байтұрсынов көшелерінің қиылыстарында, Диваева көшесі мен Ю.Гагарин көшесіндегі көпқабатты үйлер ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Көше жарықтандыру жұмыстары да жүйелі түрде жаңартылуда. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 333 көше жарықтандырылуы тиіс болса, қазіргі таңда оның 312 көшесі толық жарықтандырылған. Жарықтандыру жұмыстарының аяқталуы аудан көшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады. Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша 2025 жылы 251 көшеге жаңадан асфальт төсеу жоспарланған. Оның ішінде 22 көше 18,6 шақырымға орташа жөндеуден өтсе, 229 көше 93,7 шақырым жаңа жол жабындысымен қамтамасыз етіледі. Бүгінге дейін 36 көшеде 33 шақырым жол ағымдағы жөндеуден өтіп, 1 қабат асфальт жабындысы төселді. Жыл соңына дейін ауданның барлық көшелері асфальтталып, жол инфрақұрылымы толықтай қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, аяқ жол құрылысы бойынша 44 көшеде 20,1 шақырым аяқ жол төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 15,5 шақырымы 31 көшеде пайдалануға беріліп, қалған 13 көшеде 4,6 шақырым жол салу жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға, қалалық орта сапасын жақсартуға және Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Шымкент қаласының дамуын жеделдетуге бағытталған.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
