ТАБАНДЫЛЫҚ ЖӘНЕ АДАЛ ЕҢБЕК – КӘСІБИ МАМАНДЫҚТЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰНЫ

2025 жыл – Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл маңызды жыл кәсіби мамандық иелерін қолдауға, олардың еңбегін дәріптеуге және техникалық саладағы мамандардың мәртебесін көтеруге бағытталған. Сол аясында, өмірін және кәсіби жолын ел игілігіне арнаған азаматтар ерекше назарға ие. Солардың бірі – өз ісіне адал, табандылық пен кәсібилікті қатар ұстанатын Халжігіт Орынбасарұлы Байданов.

Халжігіт Орынбасарұлы 1970 жылы Өзбекстанның Жызақ облысында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келді. Бала күнінен тәрбие мен еңбекқорлыққа бауланған ол мектепті үздік аяқтап, Алматыдағы Энергостроительный техникумда «техник-электрик» мамандығын меңгерді. Кейін Алматы энерго-байланыс институтында «инженер-энергетик» біліктілігін алып, кәсіби өміріне нық қадам басты. 1992 жылы Халжігіт Байданов еңбек жолын Шардара электр желілерінде диспетчер қызметінен бастады. Уақыт өте келе саланың барлық қырын меңгеріп, жауапты басшылық қызметтерге көтерілді. Ол қай жерде болса да адалдық пен табандылықты басты ұстаным етіп, өзіне жүктелген міндеттің үздік орындалуына күш жұмсады. 2014–2020 жылдары Халжігіт Орынбасарұлы «Оңтүстік Ауыз Су» мекемесінде, кейін «Су құбыры және кәріз басқармасы», одан соң Ақмола облысындағы «Нуринский групповой водопровод» мекемесінде бөлім басшысы ретінде қызмет атқарды. Бұл кезеңде ол саланың тұрақты дамуына, жүйелі жұмыс қалыптасуына елеулі үлес қосты. 2024 жылдан бастап қазіргі күнге дейін «Су құбыры және кәріз басқармасы» мекемесінде бөлім басшысы қызметін абыроймен жалғастырып келеді. Өмірлік жолында қуанышы мен қиындығы қатар жүрсе де, Халжігіт Байданов жүк болған жауапкершіліктен ешқашан қашқан емес. Отбасында ол сүйікті жар және жеті баланың – 3 ұл мен 4 қыздың – әкесі. Отбасы оның өміріндегі ең үлкен қуанышы мен мақтанышы. Халжігіт Орынбасарұлы – білімі, тәжірибесі және қажырлы еңбегімен танылған, кәсібіне адал маман. Оның табандылығы мен еңбекке деген құрметі – кәсіби саладағы жетістіктің кепілі, өмірлік тәжірибедегі үлгі. Ел игілігі жолындағы еңбегі еселеніп, абыройы асқақтай берсін!