Шымкент қаласының әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Соның айқын дәлелі – «Келешек мектебі» жобасы аясында Таскен шағын ауданында бой көтерген және қазір толыққанды жұмыс істеп тұрған 1500 орындық жаңа заманауи білім беру мекемесі. Бұл – қаланың тек білім саласын ғана емес, жалпы экономикалық және әлеуметтік дамуын айқындайтын маңызды нысандардың бірі. Қазіргі таңда мектеп өз жұмысын бастап, оқушыларды қабылдап үлгерді. Жаңа оқу корпусы озық технологиялармен жабдықталған: интерактивті тақталар, STEM-зертханалар, IT-кабинеттер, заманауи спорт залдары, кең асхана және медициналық пункт оқушылардың сапалы білім алуына толық мүмкіндік береді. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті кабинеттердің болуы – елдегі қолжетімді әрі тең білім беру саясатының нақты көрінісі. Бұл инфрақұрылым – жас ұрпаққа ғана емес, қаланың ұзақ мерзімді экономикалық әлеуетіне жасалған инвестиция. Себебі сапалы білім алған буын – болашақтағы білікті мамандар, кәсіпкерлер және инновациялық дамудың негізін қалауышылар. Шымкент – еліміздегі демографиялық өсім жоғары және ішкі көші-қон белсенді қалалардың бірі. 2024–2025 жаңа оқу жылында қаладағы 1352 білім беру мекемесінде 397 мыңнан астам оқушы сабақ бастады. Оның 28 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Бұл – қала халқының қарқынды өсіп, еңбек ресурсының тұрақты толығып жатқанын көрсетеді. Осындай жағдайда мектеп салу – белгілі бір ауданның қажеттілігін өтеу ғана емес, қаланың жалпы экономикалық динамикасына әсер ететін стратегиялық қадам. «Келешек мектебі» жобасы – Шымкенттегі білім беру сапасын әлемдік стандарттарға жақындатуға бағытталған кешенді бастама. Бүгінге дейін қалада 11 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, бүгінде олардың барлығы жұмыс жасайды. Жоба аясында салынған нысандар тек архитектуралық шешімімен емес, функционалды мүмкіндіктерімен де ерекшеленеді. Бұл – қаладағы оқушы сыйымдылығы мәселесін шешуге, үш ауысымды оқытуды азайтуға бағытталған нақты қадам. Ұзақ мерзімде бұл бастама білікті кадрларға деген сұранысты қанағаттандырып, Шымкенттің интеллектуалдық әлеуетін күшейтеді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өз құттықтауында педагогтар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтай отырып, қалада құрылып жатқан жаңа мектептер қауіпсіз әрі сапалы білім беру үдерісін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Бұл – әкімдік тарапынан адами капиталды дамытуды басты стратегиялық бағыт ретінде қарастырып отырғанының дәлелі. 1500 орындық «Келешек мектебі» – тек бір білім ошағы ғана емес, Шымкенттің жылдам дамып келе жатқан, инвестициялық жағынан тартымды, адами ресурсы жоғары мегаполис екенін көрсететін маңызды нысан.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
