Шымкент қаласында Ж.А.Ташенев атындағы университеттің базасында «Білім экономикасына көшу: ғылымды, білім беруді, инновацияларды басқару» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Жиынға өңірлік жоғары оқу орындарының басшылары, мектеп директорлары, педагогтар, ғылыми ұйымдардың өкілдері, бизнес серіктестер және қалалық білім басқармасының мамандары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – білім экономикасына көшу жағдайында ғылымды, білім беруді және инновацияларды тиімді басқарудың жаңа стратегиялық тәсілдерін талқылау, сондай-ақ университеттер, ғылыми орталықтар, кәсіпкерлік құрылымдар және мемлекеттік сектор арасындағы ынтымақтастық үлгілерін айқындау болды. Қазіргі заман талабына сәйкес, білім экономикасына көшу – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты басымдықтарының бірі. Бұл процесс елдің стратегиялық бағытын білім мен ғылымға негізделген жаңа экономикалық модельге бейімдеуді талап етеді. Дөңгелек үстелде халықаралық тәжірибелерді зерделеу, ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру, кадр даярлау жүйесін цифрландыру, университеттердің ғылыми әлеуетін арттыру жолдары кеңінен қаралды. Қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халыққа Жолдауында көрсетілген білім саласын жаңғырту, жасанды интеллектіні енгізу, ғылыми зерттеулерді қолдау және адами капиталды дамыту міндеттерінің маңызын ерекше атап өтті. Шымкент үшін бұл – «білікті ұлт» және «көзқарасы ашық ұлт» қалыптастырудың стратегиялық қадамы. Жаңа білім мен инновацияларды меңгерген, заманауи технологияларды қолдана білетін жас ұрпақ – қаланың әлеуметтік және экономикалық прогресінің басты драйвері болып отыр. Дөңгелек үстел барысында білім экономикасына көшу үдерісіндегі негізгі үрдістер, ғылым мен білімнің дамуына әсер ететін сын-қатерлер, инновациялық экожүйені қалыптастырудың тиімді тетіктері және университеттер мен мектептер, ғылыми ұйымдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды. Осы арқылы Шымкент білім мен ғылымның жаңа экономикалық саясатқа сай үйлесімді дамуын қамтамасыз етіп, қаланы білім мен инновацияларға негізделген жаһандық деңгейдегі орталыққа айналдыруға ұмтылуда. Шымкенттегі бұл бастама – тек білім саласындағы өзгеріс емес, сонымен қатар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жүйелі саяси қадам, «білікті ұлт» мен «көзқарасы ашық ұлт» қалыптастыруға үлес қосатын стратегиялық миссия.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
