ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫНА БЕЛСЕНДІ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖАТЫР

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Еңбекші ауданының тұрғындары да осы бастаманы қолдап, өз ауласын, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді тазартуға белсенді қатысуда. Аудандағы сенбіліктерде тұрғындар мен жергілікті коммуналдық мекеме қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері бірігіп, шашылған қоқыстарды жинап, бейберекет өскен шөптерді қырқып, бұтақтарды кесіп, ағаштардың түбін әктеп, айналаны көркейтуге өз үлестерін қосып жатыр. Мұндай белсенділік тұрғындардың туған жеріне, өз қаласына деген қамқорлығын іс жүзінде көрсету болып табылады. «Таза бейсенбі» акциясы – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының бір бөлігі. Жоба апта сайын тұрақты түрде өткізіліп, тек қоқысты жинаумен шектелмей, тұрғындардың экологиялық санасын арттыруға, олардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Әрбір азаматтың өз ауласын таза ұстауы – жалпы қаланың көркі мен тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды қадам болып саналады. Еңбекші ауданы әкімдігі мен ұйымдастырушылар алдағы уақытта да бұл бастаманың жалғасын табатынын, тұрғындарды экологиялық мәдениетті көтеруге және қаланы таза ұстау бағытында белсенді болуға шақырып келеді. Қаланың әрбір тұрғынының осындай жауапкершілігі мен белсенділігі – Шымкенттің экологиялық жағдайын жақсартуға, қала көркін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеруге нақты үлес болып отыр. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар тұрғындардың бірігіп, қоғам мен табиғатқа жауапкершілікпен қарауының, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды көрінісі болып табылады. Еңбекші ауданы тұрғындарының белсенділігі – қаланы таза, жайлы әрі көркем етуге бағытталған тұрақты қадамдардың нақты мысалы.