ЕҢБЕККЕ АДАЛДЫҚ – БЕДЕЛДІҢ БАСТАУЫ

2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланып, техникалық және өндірістік салаларда еңбек етіп жүрген мамандардың мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадамдар қолға алынуда. Бұл бастаманың мақсаты – жұмысшы еңбегінің қоғам дамуындағы шешуші рөлін көрсету, жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру және еңбек адамының беделін нығайту. Шымкент қаласында да осы бағытта табанды еңбек етіп жүрген көптеген білікті мамандар бар. Солардың бірі – өз ісіне адалдығымен танылған, тәжірибелі слесарь Супабеков Жамшид Әлиұлы. 1979 жылы Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Піскент ауданында дүниеге келген Жамшид Әлиұлы бала кезінен еңбекқорлықты негізгі құндылық ретінде қалыптастырды. 1986–1996 жылдары Ленизм атындағы №14 мектепте білім алып, жауапкершілік пен ұқыптылықты бойына сіңірді. 2007 жылы отбасын құрып, 2008 жылы Шымкент қаласына қоныс аударуы оның өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Қалаға келген соң ол еңбек жолын одан әрі жалғастырып, техникалық салада кәсібилігін арттыра түсті. 2012–2021 жылдар аралығында «Су ресурстары – Маркетинг» ұйымында насос қондырғысының машинисті болып қызмет атқарған Жамшид Әлиұлы су жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жауапты болды. Бұл кезеңде ол техникалық күрделі міндеттерді орындап, апатты жағдайлардың алдын алу және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша мол тәжірибе жинады. 2022 жылдан бастап ол Шымкент қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында апатты қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің слесарі қызметін атқарып келеді. Бұл – техникалық тұрғыдан аса жауапты сала. Жамшид Әлиұлы тәулік бойы қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға үлес қосып, апатты жағдайлар орын алған кезде ең алғашқы болып іске кірісетін мамандардың бірі. Мұндай жұмыс жылдам шешім қабылдауды, жоғары кәсіби шеберлікті және халық алдындағы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жеті жылдық тәжірибесі бар Жамшид Әлиұлы ұжым арасында ерекше құрметке ие. Әріптестері оны жауапты, сенімді, еңбексүйгіш маман ретінде таниды. Жұмыс барысында тиянақтылығымен, тапсырманы дәл және уақытылы орындауымен, қиындыққа мойымайтын төзімділігімен ерекшеленеді. Ол техникалық саладағы жас мамандарға да үлгі болып, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп келеді. Апатты қалпына келтіру саласындағы еңбек – сырт көзге байқала бермейтін, бірақ қала тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде аса маңызды орын алатын жұмыс. Жұмысшы мамандықтарының қоғамға қосатын үлесі өлшеусіз. Жамшид Әлиұлы сияқты адал, тәжірибелі мамандардың еңбегі – қаланың инженерлік инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуінің негізі.